Қазір оларды оқыту басталды. 18 қарашаға дейін Жамбыл облысында 3856 адам арнайы тест тапсырып, сертификат алуы тиіс. Яғни мамандар, сайлаудың тәртібі мен заңдылықтары бойынша білімін жетілдіреді. Саяси науқан кезінде олар өз міндеттерін дұрыс атқарып, заң аясында ғана әрекет етуі тиіс дейді ұйымдастырушылар. Ал, 21 қазаннан бастап БАҚ беттерінде үгіт-насихат жұмыстары жарияланбақ. Сондай-ақ, аумақтық учаскелердің бәрінде кандидаттар туралы ақпараттар ілінуі тиіс. Бұдан бөлек семинар кеңесте отандық және халықаралық байқаушылардың да рөлі басым екендігі айтылды.
«Жалпы алғанда 3856 адам түгел дерлік оқып бітуі керек. 18 қарашаға дейін. Сонымен қатар, тест тапсырып, сертификат алуы керек. Яғни, ол сертификат әр бір сайлау комиссиясы мүшелерінің сайлау туралы заңды жақсы білетіні, оны сол өздерінің міндеттерін сайлау процесіне кіріскен кезде өз жұмыстарын дұрыс атқаруы үшін қажет» дейді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мадиева.
Үгіт-насихат жұмыстарына неше күн беріледі?
Сайлау алдындағы үгіт тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін басталып, 2022 жылғы 22 қазаннан 19 қараша сағат 00-00-ге дейін жалғасады. Бұл процеске берілген 28 күн түгесілген шақта «тыныштық күні» жарияланады – 19 қараша сағат 00.00-ден 20 қараша сағат 00.00-ге дейін. Дауыс беру 2022 жылғы 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін өтеді. Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және ОСК-ға екі күндік мерзімде (22 қарашадан кешіктірмей) жеткізіледі. Демек, сайлаудың алдын ала қорытындылары 21-22 қараша аралығында жариялануы шарт.
Заңнамада сайлау қорытындыларын белгілеуге және жариялауға, сайланған Президентті тіркеу сайлаудан кейін 10 күннен аспайтын мерзімде көзделген. Бұл жолы сайлау қорытындыларын анықтап, сайланған Президентті тіркеуге 7 күн беріліп отыр – 21.11.2022 ж. – 27.11.2022 ж.
Қорытып айтсақ, кезектен тыс президент сайлауы дауыс беру күнін қоса есептесек, Жарлық жарияланған күннен бастап 60 күннің ішінде өтуі керек. Үміткер ұсыну кезеңі 19 күнге, қолдардың сәйкестігін анықтау, беру, жинау және тексеру 29 күнге, сайлау алдындағы үгіт-насихат 28 күнге, дауыс беру алдындағы «тыныштық күні» 1 күнге, дауыс беру процесі 1 күнге, қорытындыларды белгілеп, сайланған Президентті тіркеу 7 күнге созылады. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорытындылары туралы ақпараттық хабар сайлау өткізілген күннен бастап 10 күннен қалмай, яғни 30 қарашадан кешіктірмей жариялануы керек.
Байқаушылар мен БАҚ өкілдерін аккредиттеу
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша аккредиттейді. Аккредиттеуді өткізу дауыс беру күніне бес күн қалғанда, яғни 2022 жылғы 14 қарашада елорда уақыты бойынша 18.00-де аяқталады. Сондай-ақ, 1 қарашаға дейін аумақтық сайлау комиссияларының құрамдарын оқытуды аяқтау, 18 қарашаға дейін учаскелік сайлау комиссияларының барлық мүшелерін оқыту жоспарланған.
Сайлау заңнамасы бұзылса штаб мүшелеріне жүгінуге болады
Ол үшін кез-келген дауыс беруші «Қазақстан заңгерлер одағы» деген сайтқа кіріп, шағым қалдыра алады, немесе көрсетілген телефон нөміріне хабарласу қажет. Бұл туралы «Адал Сайлау үшін» штабының мүшелері айтты. Заңгерлер президентікке үміткерлердің неліктен талапқа сай болмағанын түсіндірді. Бұған дейін үш үміткердің талапқа сай болмай шыққаны белгілі. Талғат Ерғалиев пен Мен Фатима Бизақованың мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі 5 жылға жетпеген. Ал Хайрулла Ғабжалилов Қазақстанның тумасы емес. Бұл да сайлау туралы заңға қайшы. Ал Нұржан Әлтаевты кандидат ретінде тіркеу уақытша тоқтатылған. Себебі, ұсынылған құжаттарына қатысты сұрақтар туындаған. Анық-қанығын қазір сот тексеріп жатыр.
«Соттан мәлімет түсті. Ұсынатын ұйым хаттама жасайды. Сол хаттама дұрыс жасалмаған. Соттың шешімін күтеді. Соттың ұйғарымымен сот үкімі дейді, ешқандай күмән тудырмай, бәрі дұрыс десе тіркеу процесі ары қарай жалғасады. Содан кейін Орталық сайлау комиссиясы шешім қабылдайды» дейді «Адал сайлау үшін» штабының мүшесі Ермек Әбдірасұлов.
«Адал Сайлау үшін» штабы бір ай бұрын құрылды. Заңгерлер саяси шара аяқталғанға дейін науқанның барынша әділ өтуін қадағалайды. Әрі ел аралап, сайлау туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, құқықтық көмек көрсетеді. Штаб мүшелері кандидаттарды тіркеу процесі заңға сай өтіп жатқанын айтады. Жалпы, сайлау заңнамасының бұзылғанына куә болған кез-келген азаматқа штабқа хабарласуға болады.
«150-бап бар. Сайлау комиссисияна барып, құқық бұзушылық жасалса 4 жылға бас бостандығынан айырылады. Қазір бәрінде ұялы телефон бар. Ұялы телефон арқылы заң бұзушылықты көріп тұрса, біздің комиссияға жіберсе, орталық комиссия прокуратура, біреу заңды орындамай жатса біз де өзіміз ондай дауды көтеруге мүмкіндігіміз бар. Заман өзгерді. Заман талабына сай бәрі өзгерді» дейді «Адал сайлау үшін» штабының мүшесі Марат Башимов.
Президент сайлауына әзірге екі кандидат тіркелді. Ол Халықтық коалиция атынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы атынан Мейрам Қажыкен. Ал, қалған 6 үміткер қол жинау процесіне кіріскен.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауын байқау үшін 30 ұзақмерзімді және 300 қысқамерзімді байқаушылардан тұратын делегация жібереді
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазақстан Республикасы президентін кезектен тыс сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Уршула Гацекпен кездесті. Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясына Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауын байқау үшін 30 ұзақ мерзімді және 300 қысқа мерзімді байқаушылардан тұратын делегацияны жіберу туралы шешім қабылдағаны үшін алғысын білдірді. Ортсайлауком төрағасы миссия мүшелерін сайлау науқанының негізгі кезеңдерінің ерекшеліктерімен және ұзақтығымен, президенттікке кандидаттарды ұсыну қорытындысымен таныстырды.
Сондай-ақ қазіргі уақытта ҚР президенттігіне кандидаттарды тіркеу кезеңі аяқталып жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, сайлау процесіне қатысушыларды оқыту және мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету мәселесіне дәстүрлі түрде көп көңіл бөлінетінін айтты. Саяси партиялар, жастар, БАҚ және ҮЕҰ өкілдері үшін семинарлар өткізіліп жатыр. Жастардың назарын сайлау процесінің өзекті мәселелеріне аудару, олардың сайлау белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында ҚР ОСК жанынан «Жас сайлаушылар клубы» құрылды. Сарапшы кеңестің құрамы жаңартылды. Кездесу барысында Нұрлан Әбдіров миссия мүшелерін Ортсайлаукомның отырыстары мен оқыту іс-шараларына қатысуға шақырды.
Сондай-ақ миссия өкілдерінің ОСК мүшелерімен және аппаратымен миссияны қызықтыратын кез келген мәселелер бойынша кездесулерін өткізуге дайын екенін білдірді. Кездесу аясында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының мүшелері Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне өз сұрақтарын қойды.
«Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанын заңнамаға сәйкес қатаң жүргізуді қамтамасыз етеді және адал және әділ бәсекелестік үшін барлық жағдай жасайды. Біз Бюромен, оның ішінде сайлау науқандары арасындағы тығыз ынтымақтастық пен сындарлы диалогты жалғастыруға үлкен мән береміз», – деп атап өтті Ортсайлауком төрағасы Н. Әбдіров кездесу соңында.
Кезектен тыс президенттік сайлауда барлығына қарсы дауыс беруге болады
– «Бәріне қарсымын» бағаны заңмен қарастырылған – әрине, ол болады. Егер азамат ешбір кандидатты таңдамаса, ол барлығына қарсы дауыс беруге құқылы,- деді Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.
Сайлау комиссияларының міндеттеріне не кіреді?
Сайлау комиссиялары сайлауды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді. Сайлау туралы заңдардың мүлтіксіз атқарылуын бақылайды. Президентікке кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірген адамдарын тіркейді, оларға тиісті куәліктер береді. Сайлау шараларын жүргізеді. Сайлаушылардың тізімін нақтылайды, азаматтарды тізіммен таныстырады. Сайлаушыларды дауыс беру күні, уақыты және өтетін орны туралы хабарлайды. Дауыс беру нәтижелерін анықтайды.