RSS лента

Қазақстандықтар саяси реформалар күтеді

  • 20.01.2022, 03:12,
  • 425
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Қазақстандық саясаттанушылар мен экономистер алдымен саяси реформалар жүзеге асырылса, кейін әлеуметтік салаға да кезек келетінін айтады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Еліміздің берекетін қашырған белгілі бір топтар Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының мықты стратег екенін шамалай алмаған секілді. Тарих ғылымдарының докторы Сайфолла Сапанов осындай пікірде.

 

– Осы орайда Мағжан Жұмабаевтың «ақымақтар байқамаған шамасын» деген өлең жолдары ойға оралады. Екі жарым жыл ішінде белгісіз күштер қазіргі Мемлекет басшысын дұрыс бағалай алмағанға ұқсайды. Ал, сарабдал да сабырлы саясаткердің артында үлкен стратегия жатқанын аңғармаған сияқты. Бұл қиындықтар мемлекеттігімізді нығайтпаса, еш әлсіреткен жоқ. Қайта, Қазақстанның әлемдегі орнын бекіте түсті. Бізде уран өндірісі жолға қойылғандықтан, ядролық қаруға қатты көңіл бөлетін Иранның өзі соңғы оқиғалардан кәдімгідей үркіп отыр.

 

Мұстафа Шоқай ауылына жазған бір хатында орта ғасырлық сана-сезімнен арылу керектігін жазған екен. Сол сөз қазіргі жағдайға арналып айтылғандай. Яғни, бұл не деген сөз? Бұл – жемқорлықты жою, ұлттық сананы жаңарту, азаматтық қоғам құру. Сондықтан, алда қазақстандықтарды оң өзгерістер күтіп тұр. Әсіресе, саяси реформалар жүзеге асуы қажет, – дейді ол бізбен әңгімесінде.


Ал, еліміздегі Фермерлер қауымдастығының өкілі Мұрат Сарманов халықты қарыздан шығару үшін шұғыл шешім қабылданып отырғанын айтады.

 

– Соңғы мəлімдемеде халық көңілінен шығатындай, өте көп ұсыныс болды. Президент сөзінде: «жұмысымызды жаңаша əлеуметтік-экономикалық реформалардан бастаймыз» деді. Шынында, «əлеуметтік-экономикалық» деген термин көптен айтылмай қалып еді. Біз саяси-экономикалық реформа жолымен келе жатыр едік. Халық «əлеуметтік» дегеннен кейін өзіне арналғандай қабылдады. Мен халық арасында көп жүремін. Ал, мемлекет халықтан құралады. Халық үшін мемлекеттік басқару, мемлекеттік жүйе керек. Мемлекетіміз тəуелсіздік алғалы қуатты ел екенін, экономикалық даму жолын, қазба байлықтың иесі екенін əлемге дəлелдеді. Бұл – экономикалық жағдай. Саяси беделіміз де əлемдік кеңістікте өте жоғары. Бізде тұрақтылық, бізде құрылып жатқан саяси ұйымдар бар.

 

Елдің түрлі тақырыптағы саммиттерді, кез-келген форумдарды өткізуге мүмкіндігі болды. Əлемдік деңгейдегі ЭКСПО көрмесін де өткіздік. Сол үшін мақтанып, марқайып отырдық. Бірақ, мемлекет дамып келді де, ішкі экономика, яғни халықтың тұрмыс-халі оған сай келген жоқ. Тіпті, халықтың ЭКСПО-ны барып көруге қаржысы да болмады. Елордадағы ЭКСПО қалашығының маңы жарқырап тұрды, халықтың аула-шарбағы балшық болатын. Жұрт несие мен қарызға батты. Халықты тұрмыстың тауқыметі басты. Қалың бұқара осыдан соң мемлекеттік басқарудан кінə іздеді. Тұрмысына риза болмаған жұртшылықтың көңілінің кілтін мемлекеттік басқару жүйесі таба алмады. Əлеуметтік теңсіздік, қаңтардағы дүрбелең содан ушығып кетті. Президент Тоқаев осының барлығын бұрыннан байқап, топшылап та жүрген болуы керек. Қалың бұқараның көңілінен шығатындай мəлімдеме жасады. Халық бұдан зор үміт күтеді, – дейді белгілі меценат.


«Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіптік одағы» ұйымының өкілі Салтанат Рахимова енді оң өзгерістер басталатындығына сенімді. Ол мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған нақты тапсырмаларды енді барлық мемлекеттік органдар тез арада бұлжытпай орындап, ауқымды шаралар жүзеге асырылады деп үміттенеді.

 

– Президент ел экономикасындағы қордаланып қалған көптеген проблемалардың бетін ашты. Енді жаңа Үкіметтен нақты жұмыс күтеміз. Мемлекет басшысының «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін, адамға қызмет етуі керек» дегенін жылы қабылдадым. Өйткені, мемлекеттік қызметтегілердің бәрі «қарапайым халыққа қызмет етуіміз керек» деп түсінбейінше, өзгеріс болмайды.

 

«Самұрық-Қазына» қорына қатысты айтқаны да көңілден шықты. Конституциямыздың 1-бабында «республика қызметінің түбегейлі принциптерінің бірі – бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму» деп атап көрсетілген. Алайда, осы мақсатта құрылған қор өзінің мақсатын орындаған жоқ. Сондықтан, Президенттің айтқанымен толық келісе отырып, өз ұсынысымды білдіргім келеді.

 

Жаңа жыл басталып жатқан кезеңде Президент өзінің Жарлығымен «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін ұлттық компаниялар мен кәсіпорындардың барлық ірі акционерлері мен директорлар кеңесінің, бақылаушы кеңесінің, тағы басқа сайланбалы және атқарушы органдарының мүшелеріне өткен жылдың қорытындысымен есептелетін дивидендтерін төлеуге тыйым салғаны жөн. Қор қызметін дұрыс ұйымдастырмаған, ұлттық компаниялардың табысы мен байлығын халық игілігіне жұмс амаған о сы лауазым иелеріне дивиденд төлеуден бас тартып, ол қаражатты әлеуметтік проблемаларды шешуге жолдау қажет.

 

Президент жекешелендіруге түсіп отырған мемлекеттік компаниялар мен кәсіпорындардың жекешелендіру процесі ашық, жария түрде жүргізілмей отырғанын айтты. Бұл рас. Оған қоса, олардың құны төмендетіліп, арзан бағада сатылуда. Мен былтыр Қазақстан Республикасы Үкіметінің сол кездегі басшысы мен Энергетика министріне «Қазатомпром» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорындары мен кен орындарының заңсыз саудаға түсіп жатқанын көрсетіп, екі рет әлеуметтік желіде үндеу жариялап, хат жолдағанмын. Алайда, ол өтініш қараусыз қалды. Мұндағы мақсат – кен орындарымыз бен ұлттық байлықтарымызды заңсыз жекешелендіруге, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуіне жол бермеу еді. Президенттің Қазақстан – Қытай шекарасындағы заңсыз ақша айналымына тосқауыл қою мен «Самұрық-Қазынаға» ревизия жүргізу, барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы мемлекеттік сатып алу процестерінің толық ашықтығын қамтамасыз ету, бір көзден сатып алуға мүлдем тыйым салу туралы ұсыныстары қоғамдағы жемқорлықты жоюға бағытталған нақты қадамдар деп білемін, - дейді ол. 

 



 

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости