Жас дарын Расулбек Дүзелбайұлы жер сілкінісіне төтеп беретін көп қабатты тұрғын үйдің макетін жасап шығарды. Ол мұндай жаңалық ашуына Түркия, Сирия елдерінде болған зілзала апаты себеп болғанын айтады.
«Ақпарат құралдарындағы мәліметтерге қарағанда, зілзала кезінде Түркияда 160 мыңнан астам үй, ғимараттар құлаған. Олардың астында көп адамның қалуына сапасыз салынған ғимараттардың тым көп болуы бірден-бір себеп болғанын көреміз.Менің жобам кемінде 7-8 баллдық жер сілкінісіне төтеп бере алады. Үйдің іргетасы жер қыртысына бекітілген. Басты ерекшелік те осында. Яғни, зілзала орын алған кезде жер қыртысынан бөлінген толқын үйдің іргетасы мен жердің ортасындағы пружинаға сақталады. Пружина ол жердегі толқындарды өзінің бойына сіңіріп алады. Осылайша, сілкініс кезінде үй тербелгенімен, қирамайды» дейді ол.
Ал, тағы бір оқушы Алтынгүл Жанәділ банан қалдықтарынан қағаз жасап шығарды.
«Далаға тасталатын қағаз қалдықтарының экологияға кері әсері жоғары. Себебі ғалымдар қағаз ыдыраған кезде метанның көп мөлшерін бөлетінін дәлелдеді. Яғни, қағаз қалдықтарынан бөлінетін парник газдардың қоршаған ортаға зардабы көмірқышқыл газымен салыстырғанда да жоғары. Целлюлоза қағаз ауаны, топырақты және суды уландырады. Банан қалдықтарын арнайы қоспалармен араластырылып жасалған қағаз тез ыдырайды. Жобамның қолданыстағы қағаздан айырмашылығы суға, отқа төзімдірек әрі иілгіш келеді. Биоқағаз болғандықтан, зиянсыз ыдырайды. Бұл қағаздарды бандерольдердің сыртын немесе азық-түліктерді орауға болады. Банан қабығының құрамында коллаген, С сияқты пайдалы дәрумендер көп. Бұл жобаны алға қарай жетілдіріп, косметикалық өнімдер, ылғалды сулықтар жасау бағытында жұмыс жасауды ойластырып отырмын» дейді жас өнертапқыш.
Тағы бір қызықты қараңыз, небәрі тоғызыншы сыныпта оқитын Әбубәкір Махамбет осы жасында өз кәсібін ашып үлгерген! Қазір оның үйінде сабын жасайтын шағын цех жұмыс жасап тұр.
«Мен экологиялық таза сабын жасап, оны сата бастадым. Тапқан табысыма сабын жасауға қажетті заттарды аламын. Қазір көп жағдайда сабынды ыдыста қайнату жолымен дайындап жатады. Мұндай әдіс өнімнің сапасын нашарлатады. Мен сабынды әйнек ыдысқа салып, буда ұстау жолымен дайындаймын. Бұл әдіс экологиялық жағынан тиімді. Айтпақшы, сабындарымның сапасын жақсарту үшін Өскеменнен таза бал алдырып отырмын. Оның адам терісіне пайдасы өте зор. Балдан бөлек, раушан гүлінің жапырақтарын да қосамын. Менің жасап жатқан сабындарым адамның терісін ылғалдандырады. Менің сабындарым 500-700 теңге аралығында саудаланады. Қазір оалрды жәрмеңкелерде сатып жүрмін» деген сырымен бөлісті кішкентай кәсіпкер.