RSS лента

"Бұл спектакль көрермендерді таңқалдыратын болады..."

  • 02.10.2023, 23:48,
  • 287
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ortcom.kz

«Астана Балет» театрының 11-ші театр маусымы ғаламат көріністерге толы, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Репертуарда премьералар да, көрермендердің сүйікті қойылымдары да бар. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конферецниясында «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов толығырақ айтып берді. Оның айтуынша, ұжым үшін ұдайы шығармашылық ізденісте болу, эксперименттерге ашық болу өте маңызды. Бұл труппа мен театрдың дамуына серпін береді.

 

«Театрдың негізгі бағыттарының бірі - ұлттық спектакльдер жасау. Қазір «От қыз» ұлттық балет ертегісінің премьерасына соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – деп атап өтті спикер.

 

«От қыз» ұлттық ертегісі театрдың бас балетмейстері, «От қыз» спектаклінің хореографы Мукарам Авахридің хореографиясымен қойылды. Либретто авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақстандық кинорежиссер, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, композитор – музыкант, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карина Абдуллина. Премьералық көрсетілімдер театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді.

 

«От қыз» спектаклі мифологиялық сюжетке құрылған. Оқиға желісі бойынша Мерген есімді аңшы өзінің дүлей күшін таныту үшін Күнді атып түсіріп, салдарынан күллі әлем қараңғы түнекке оранып, қақаған аяз басталады. Мергеннің алаңғасарлығынан Биік Шөп елі зардап шегіп, бойжеткен ханшайым От қыз жоғалып кетіп, қыс түседі. Ағат кеткенін түсінген Мерген қателігін түзеп, әлемге жарық пен жылуды қайтаруға тырысады.

 

«6-7 қазанда ересектер мен балаларды «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен қойылатын «От қыз» сиқырлы балетін тамашалауға шақырамыз. Әрине, классика да қажет: 30 қараша мен 1 желтоқсанда Владимир Яковлевтің хореографиясында Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінің премьерасы өтеді. Меніңше, бұл жарқын спектакль, бүкіл атмосфераны, сол кездегі эстетиканы сол күйде жеткізеді.  Қазан айының ортасында біздің артистер Ballet Globe халықаралық фестивалі аясында Женеваға барып, әлемдік балет жұлдыздарының қатысуымен Альберт Алонсоның «Кармен сюита» атты аңызға айналған қойылымын қояды. 28 қазанда Республика күніне арналған концерт өтеді», - деді спикер маусымның басталуы жайлы айта отырып.


Театрдың бас балетмейстері, «От қыз» спектаклінің хореографы Мукарам Авахри «Астана Балет» театрының сахнасында команданың жұмысын таныстыруды үлкен мәртебе деп санайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеп, қазақстандықтарды 6 және 7 қазанда ұлттық ертегінің премьерасына шақырды.

 

«Спектакль біздің арт менеджеріміздің идеясынан басталды. Оны қуана қолға алдық. Либреттоны Бақыт Қайырбеков қойды. Бірнеше нұсқасы ұсынылды. Біздің таңдауымыз баршаңыздың қызығушылығыңызды оятады деп ойлаймын. Бұл балаларға арналған спектакль. Себебі балаларға деп ұлттық спектакль қойғымыз келді. Сюжет құрылған кезде бұл балетке музыканы Карина Абдуллина жазуға тиіс деп шештік. Оның әсемдігімен, мәнерлілігімен, жеңілдігімен бұл балет көрермендер назарына керемет күйде ұсынылады. Әрине, спектакльде суретші-сценограф Әйгерім Алтынбасарова жауапты болған декорациялар үлкен рөл атқарады. Бұл спектакль көрермендердің көзайымына айналады. Сізді премьерада күтеміз!», – деп түйіндеді хореограф.

 

Қойылымның музыкалық жетекшісі және симфониялық оркестрдің дирижері Арман Оразғалиев композитор Карина Абдуллинамен жұмыс туралы айтып берді.

 

«Біздің ұжым, оның ішінде оркестр Карина Абдуллинамен бұған дейін де жұмыс істеген болатын. Менің жеке пікірім, ол керемет әуенші. Бұл музыкадан бірден байқалады. Оның музыкасы оңай есте қалады, оны айта бергің келеді. Бұл оның жетістікке жетуінің басты себептерінің бірі болар. Қазір шығармашылық процес, қарқынды жұмыс жүріп жатыр, ноталық материалды жаттап жатырмыз. Каринамен ұдайы байланыстамыз. Көрермендер лайықты бағасын береді деп ойлаймын», – деді Оразғалиев.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости