ӘНДІ ҚАЛЫҚТАҒАН АҚҚУҒА ТЕҢЕСЕК, СОЛ ӘСЕМ ШЫҒАРМАНЫ ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛЕТІН АҚЫН МЕН САЗГЕРДІ ҚҰС КИЕСІНІҢ ҚОС ҚАНАТЫ ДЕУГЕ КЕЛЕДІ. СОНДАЙ БІРЛЕСКЕН ТҰТАС БІР ШЫНАЙЫ ШЫҒАРМАНЫ ӨМІРГЕ ӘКЕЛЕТІН ТУМА ТАЛАНТ ИЕСІНІҢ БІРІ – ШӘМШІ. ОЛ ӘЛЕМДІ ТЕРБЕТКЕН ӘСЕМ ӘНДЕРІНЕ СӨЗ ЖАЗДЫРАРДА КЕЗ КЕЛГЕН АҚЫНҒА ҚОЛҚА САЛМАЙДЫ. ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВПЕН ГИМНГЕ АЙНАЛҒАН «МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ», АТЫРАУДА ЖҮРІП ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВПЕН «АҚ ЕРКЕ, АҚ ЖАЙЫҚ» ӘНДЕРІНІҢ ТУУЫ – СОНЫҢ АЙҒАҒЫ. СОЛ СЕКІЛДІ «ҚАЗАҚ ВАЛЬСІ КОРОЛІНІҢ» БАТЫСТЫҚ АҚЫН-ЖУРНАЛИСТ БЕРҚАЙЫР АМАНШИНМЕН ДЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙЛАНЫСТА БОЛҒАНЫН БІРЕУ БІЛСЕ, БІРЕУ БІЛМЕС. ТӨМЕНДЕ ОҚЫРМАНДАР НАЗАРЫНА ҰСЫНЫП ОТЫРҒАН БҰЛ ЖАҢА ТУЫНДЫ ШӘМШІ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ҚОСЫЛАР ЖАҢА ТАРАУ БОЛМАҚШЫ.
Қалалық мемлекеттік архив қорында жұмыс жасаған кезімде «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Atyraý») газетінің 1959 жылдың 15 мамыр күнгі санында жарияланған «Айша қыз» атты әнге кезіктім. Әнін «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқов, өлеңін Берқайыр Аманшин жазған бұл өнер туындысының бұрын-соңды радио, теледидар, сахнада орындалғанын мүлдем естімеген соң оған деген ерекше қызығушылығым оянды.
Əн туралы атақты композитор Ілия Жақанов ағамыздан сұрағанымызда, ол кісі Шəмшінің күні бүгінге дейін жарыққа шықпаған, жоғалып кеткен белгісіз əндері бар екендігін жоққа шығармады. Сонау 50-ші жылдардың аяғында жарияланған аталған əнді естімегенін де айтты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мəдениет қайраткері, Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі Алтын Иманбаева да бұл өнер туындысының қорда жоқ екендігін баяндады.
Ал, əн газетке жарияланған тұста Б.Аманшин Қазақстан Жазушылар одағының Гурьев облысындағы бөлімшесінің бастығы болатын. Жазушы 1954-1959 жылдары «Қазақ əдебиеті» газетінде қызмет еткен. Біздіңше, сол Алматыда қызмет еткен жылдары Шəмшімен кездескен уақытында туған əн деп топшылауға негіз бар. Б.Аманшин Атырауға қызметін ауыстырып келген кезде əнді нотасымен жергілікті газетке берген болуы мүмкін деген пікірдеміз. Олай дейтін себебіміз, «Айша қыз» өлеңі Б.Аманшиннің «Өлеңдер» (1954), «Жылқылы ауыл» (1955) атты жарық көрген кітаптарында болмай шықты. Ол 1978 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жайық желі» жəне «Құтты мекен» (1984) кітаптарына енгізілген. Ұлы композитордың əр жылдары жарық көрген кітаптарынан да бұл əнді кездестіре алмадық.
Композитор Шəмші Қалдаяқов Атырауға 1965 жылы ақын Төлеген Айбергеновпен бірге келген болатын. Осы сапарында «Ақерке, ақ Жайық» əні шыққаны қалың көпшілікке белгілі. Бар саналы ғұмырында атақты сазгер Жұмекен Нəжімеденов, Төлеген Айбергенов, Сабырхан Асанов, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Нұрсұлтан Əлімқұлов, Зəкір Шүкіров, Ғафу Қайырбеков, Нұтфолла Шəкенов сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді. Өз уақытында вальс королінің көптеген əндері Роза Бағланова, Рашид Мұсабаев, Бибігүл Төлегенова, Ришад Абдуллин, Нұрғали Нүсіпжанов, Зейнеп Қойшыбаева сынды əншілердің əн бағдарламасынан берік орын алғаны аға буын өкілдерінің есінде.
Шəмшінің жаңадан табылған «Айша қыз» əні:
Жайықтың жағасында жасыл майса
Бір үйде сұлу қыз бар аты Айша.
Тұсынан күнде өтеміз қол бұлғап,
Біздерді байқамайды ол қалайша?
Біздерді байқамайды ол қалайша?
Айша қыз, кел Жайыққа, мін қайыққа,
Айдынға серуендеп шығайық та.
Жүрегін жиырма жігіт ұсынғанда,
Жүруің сенің жалғыз ылайық па?
Жүруің сенің жалғыз ылайық па?
Айша қыз, сен оқуға, біз теңізге
Арманда түсініспей кетеміз бе?
Жүрегін жиырма жігіт ұсынғанда,
Тым қатал болмасаңшы сен де бізге.
Тым қатал болмасаңшы сен де бізге.