RSS лента

«Попса» әндерден халық шаршады...

  • 06.04.2023, 04:29,
  • 353
  • 0
  • Автор:
Автор фото: astracons.ru

Әлемге әйгілі «Скиф» квартеті Қазақстанда концерт берді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

– Өздеріңізге де белгілі, өткен жылы Ресейде «Қазақстан жылы» болып белгіленіп, айрықша сән-салтанатпен атап өтілді. Соның ішінде, атыраулықтармен көрші тұратын біздің астархандық өнерсүйер қауым да қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарына қанықты. Талғамы биік өнер туындылары мен әдеби шығармаларынан сусындады. Сол үшін де зор алғысымызды білдіргіміз келіп биыл осы іссапарды жолға қойып, жүзеге асырғанды жөн көрдік. Бізді құшақ жайып қарсы алып, түрлі нысандарға апарып, жергілікті жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен таныстырып жатқан басшыларға бәріміздің атымыздан ризашылығымды білдіргіміз келеді, - дейді ұжым мүшелері.

 

Концерттік бағдарлама атауының өзі де ерекше – «Из России – с любовью!» деп аталады. Әлемнің таңдаулы сахналарында өнер көрсетіп жүрген ұжымның тарихы отыз жылдан астам уақытты қамтиды. Музыкалық ұжымның орындау стилі де, шеберлігі де өзгелерге мүлде ұқсамайды. Соның ішінде, көптің таңдайын қақтыратыны – квартеттің жанр талғамауы. Яғни, классикалық, халықтық (фольклорлық) және қазіргі заманғы композиторлардың шығармаларын да жоғары деңгейде орындай алады. Тіпті, джаз, рок бағытындағы және басқа да танымал туындыларды да оп-оңай және емін-еркін орындай береді. Бұған қазақстандық өнерсүйер қауым да тікелей куә болды.  

 

Бұл күні залда ине шаншыр орын болмады. Керемет кешті көруге келген халықтың қарасы қалың болды. Залдағы орынға сыймаған көрермендер концертті тігінен тұрып тамашалады, әр туындыны тапжылмай тыңдады.

 

Шара шымылдығы Александр Бородиннің «Князь Игорь» операсынан алынған үзіндімен ашылды. Бұл да тегін емес. Себебі, аталған шығарманы автор шығыс елдерінің мәдениетін терең ұғына отырып жазған. Сондықтан да мұны көршілес екі елдің де көрерменіне жақын туынды деуге әбден болады. Бұған шығарма орындалып болысымен орнынан тік тұрып қол соққан көрермендердің құрмет пен қошеметі дәлел бола алады. 

 

Аталған ансамбль 1992 жылдан бері 1500-ден аса шығармашылық кеш өткізген екен. Квартет мүшелері Ресейдің сексеннен астам қаласында, сондай-ақ, Норвегия, Финляндия, Нидерланды, Германия, Франция, Австрия, Дания, Италия, Қытай, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея, Түркіменстан мен Қазақстанда, соның ішінде Атырауда да талай өнер көрсеткен.

 

Бір қызығы, квартет мүшелері отыз жылдан астам уақыт ішінде бірде-бір рет ауыспаған. Олар – Ресейдің Еңбек сіңірген әртістері Александр Мостыканов (балалайка), Александр Бабушкин (баян), Игорь Калина (балалайка-контрабас) және халықаралық байқаулардың лауреаты Сергей Соколов (домбыра-альт).

 

Біздің бақытымызға орай Александр Бабушкинмен тілдесудің тамаша сәті түсті.

 

– Жалпы, Ресей мен Қазақстан бір-біріне бөтен емес. Әсіресе, мәдениет пен өнерін айтар болсам, ортақ дүниелер мен ұқсас жақтары өте көп. Тіпті, мен өзім де бұл жерге бөтен емеспін. Себебі, менің әкем Атырау облысындағы Құрманғазы ауданында ағып жатқан Қиғаш өзенін жағалай орналасқан сол кездегі Сафон ауылында туып-өскен. Кейін Еділдің бойына қоныс аударған. Сондықтан Қазақстан менің екінші үйім десем, артық айтқандығым емес.

 

Екіншіден, біздің квартет бұл жерге жиі келіп, шығармашылық кеш өткізіп тұрады. Өйткені, мұнда біздің ән-шашуымызды тамашалағысы келетін халық бар. Біз бұл үшін атыраулықтарға зор алғысымызды айтқымыз келеді. Концерттік бағдарламаны айтпағанда, қарапайым қазақтың тойларына да шақырту алып, қатысып жатамыз. Осындай бізді іздеп жүріп тыңдайтын көрермен бар кезде біз де шығармашылық мансабымызды тоқтатуға асықпаймыз. Жасымыз жетіп, зейнеткер атансақ та, сахнаға шыққан кезде осыдан отыз жыл бұрынғы кейіпке еніп кеткендей боламыз. Мұның бәрі де шынайы өнерді бағалай білетін көрермен қауымның арқасы деп білемін.

 

Бұлай дейтінім, соңғы кезде бүгін айтылып, ертең ұмытылып кететін әндер көбейіп кетті. Мұны халықтың өзі де «попса» деп тыңдағысы келмейді. Бірақ, соған қарамастан көпшілік алдында мәнсіз де сәнсіз жеңіл-желпі «ән» деп айтуға ауыз бармайтын дүниелер орындалып жатады. Бұл уақытша құбылыс деп ойлаймын. Қалай болғанда ад, тек халықтың жүрегінен орын алған әннің ғана ғұмыры – мәңгілік. Оны уақыт та, адам да өлтіре алмайды. Сондықтан бүгінгі авторлар болашақта халық әніне айналып кететіндей туынды жазып қалдыруы керек, - деген ойымен бөлісті тәжірибелі музыкант бізбен әңгімесінде.

 

Тағы бір айрықша атап өтерлік жайт, екі елдің ән-күйі бір сахнада орындалды. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Атырау облыстық филармониясының «Нарын» ұлт-аспаптар оркестрі мен Ресейден арнайы келген атақты «Скиф» квартеті бірігіп, шығармашылық кеш өткізді. Қазақ және орыс халықтарының шығармалары әртүрлі форматта орындалып, көпшіліктің көңілінен шықты.

 

Шара барысында Астрахан облысының мәдениет және туризм министрі Ольга Прокофьева атыраулық көрермендерге ыстық ықласы мен жылы лебізін білдірді.

 

– Мен сіздермен жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Қазақстан тек аумақтық орналасуы жағынан ғана емес, тарихи тұрғыдан да, мәдени бағытта да бізге ең жақын ел деп білемін. Соның ішінде Атырау мен Астрахан облыстарының халқы бір-бірімен бұрыннан берік байланыс орнатып, әлдеқашан әлеуметтік-экономикалық тығыз қарым-қатынас орнатқан. Шекараның екі шетінде тату-тәтті тірлік кешіп келеміз. Екі ел арасын шекара сызығы бөлгенімен, достығымызда шек жоқ. Жер жүзіне жайылған коронавирус пандемиясы да шығармашылық байланысымызды үзе алмады. Бүгінгі сапар барысында біз біршама нысандарды араладық. Мұндағы материалдық-техникалық мүмкіндіктің мол екеніне көз жеткіздік. Осы орайда, жаңа жобаларды жүзеге асыру жөнінде де бастамалар көтеріліп жатыр. Бұл жұмыстардың бәрі де  халықаралық сипат алып, Каспий өңірі елдерінің басын біріктіреді деген сенімдемін, - деді ол.     

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости