Аса қадірлі меймандар!
Құрметті Съезге қатысушылар!
Қазақ жері екі күннен бері түрлі мәдениеттердің сындарлы сұхбат орталығына айналды.
Дүние жүзіндегі беделді дінбасылар бір шаңырақтың астына жиналды.
Сіздер барша адамзаттың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдыру үшін әлемнің әр түкпірінен келіп отырсыздар.
Осының өзі дінаралық келісім мен ынтымақтастықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Шын мәнінде, бәріміздің мақсатымыз – бір.
Бұл – өркениеттер үндестігін орнату және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту.
Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды.
Оның бәрі біздің үйлесімді әлем құру жолындағы іс-әрекетімізге оң ықпалын тигізеді деп санаймын.
Мен алқалы жиынға арнайы келген әлемдік деңгейдегі рухани көшбасшыларға зор алғыс айтамын.
Сондай-ақ, біздің бастамамызға қолдау көрсеткен саясаткерлер мен халықаралық ұйым өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін.
Форумды өткізуге белсене атсалысқан дипломаттарға, волонтерлерге, журналистер мен басқа да азаматтарға рақметімді айтқым келеді.