Құрметті дінбасылар!
Қадірлі меймандар!
Ханымдар мен мырзалар!
Қонақжай Қазақ жеріне қош келдіңіздер! Әлемдегі ең беделді рухани көшбасшылардың басын қосып, диалог құру – біз үшін зор мәртебе. Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Ватиканның және Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискіге ілтипатымды білдіремін. Сіз діндер және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға зор үлес қостыңыз.
Көне Әл-Азһар ислам университетінің Бас имамы, жоғары мәртебелі доктор, Шейх Ахмад ат-Тайебтің елімізге арнайы келгеніне қуаныштымын. Қазақстан халқы өзіңізді қазіргі мұсылман әлемінің көрнекті ойшылы ретінде құрмет тұтады. Сіз дін жолында адал қызмет атқарып, адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңіріп келесіз.
Я рад приветствовать высоких представителей Русской православной церкви. Православные христиане вносят весомый вклад в укрепление единства и согласия в Казахстане. С теплотой вспоминаю свою недавнюю беседу с Патриархом Московским и всея Руси Кириллом, который выразил поддержку усилиям нашей страны в развитии межконфессионального диалога.
Ортамызда Израильдің Бас ашкенази раввині Давид Лау және Израильдің
Бас сефард раввині Ицхак Йосеф отыр. Біз еліміздегі иудей қауымының өкілдерімен бірге бұл сапарға ерекше мән береміз. Баршаңызға шақыруымызды қабыл алып, Қазақстанға келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Бұл бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді.
Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының, басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларына, саясаткерлерге және сарапшыларға ризашылығымды білдіремін. Съезд өткізу туралы бастамамызға сіздердің қолдау көрсеткендеріңіз еліміз үшін өте маңызды.
Аса қадірлі дінбасылар!
Құрметті қауым!
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бүгінде жаһандық деңгейдегі өркениетаралық диалог алаңына айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі, Қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат. Мысалы, еліміздің Алматы облысында Қойлық деген ортағасырлық қаланың орны бар. Сол жерде қазба жұмыстары жүргізілді. ХІІ–ХІV ғасырларда осы қалада ислам, христиан және буддизм дінінің ғибадатханалары іргелес тұрғаны анықталды. Шын мәнінде, Қазақстан аумағы барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті. Мұсылмандар Арыстан бабтың Қожа Ахмет Иасауидің кесенелеріне, Бекет атаның жерасты мешітіне және басқа да қасиетті жерлерге барып, зиярат етеді.
Біз мұны еліміздің баға жетпес байлығы және бірегей артықшылығы деп санаймыз. Еліміздегі және бүкіл әлемдегі диалог пен ынтымақтастықты нығайту – Қазақстан саясатының маңызды бөлігі. Бүгінгі Съезд – соның айқын көрінісі. Осыған дейін өткен форум декларацияларында радикализм, зорлық-зомбылық және қақтығыстар табанды түрде сыналды. Қандай идеяны желеу етсе де, мұндай әрекеттерді еш ақтауға болмайтыны анық айтылды.
Қазіргі күрделі кезеңде дінбасылардың бір үстел басында жиналуы айрықша маңызды. Олар кез-келген мәселе бойынша ортақ пайымға келіп, тіл табысуға болатынын бүкіл адамзатқа паш етуде. Меніңше, Съездің ең басты
миссиясы да, ерекшілігі де – осы.
Құрметті Съезге қатысушылар!
Қазіргі күрделі кезеңде съездің тарихи мәні артып отыр. Өйткені, халықтар арасындағы келісімді нығайтып, пандемиядан кейінгі әлемде әділетті қоғам құру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда, ашық диалог орнату өте маңызды. Дін көшбасшыларының VII съезі тың идеяларға жол ашып, баршамызды биік белестерге жеткізеді деп сенемін.
Біздің мүддеміз және ниетіміз – бір. Бәріміз де бейбіт әрі берекелі болашаққа қадам басуды қалаймыз. Осы игі мақсатқа бірге жетейік!
Съезд жұмысына табыс тілеймін!
Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!