Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Астана Опера» опера және балет театрының ғимаратында өткен салтанатты іс-шараға қатысты. Бұл жөнінде ресми "Ақорда" мәлім етті.
Қазақстан Президенті барша қазақстандықты ел Тәуелсіздігінің мерейтойымен құттықтап, жиналған қауым алдында сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзінде Қазақ мемлекеттілігінің ғасырлар бойғы тарихының ең маңызды кезеңдеріне, Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, сыртқы саяси, мәдени, ғылыми салалардағы маңызды жетістіктеріне назар аударды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Егемен Қазақстанды құру ісіндегі ерен еңбегіне арнайы тоқталды.
– Тәуелсіздіктің отыз жылы – тұтас бір дәуір. Бұл – қиындықтар мен сынақтарды табанды түрде еңсеру дәуірі, тар жол, тайғақ кешумен салыстыруға болатын ұзақ кезең. Бұл – халқымыздың тарихында бетбұрыс болған жасампаздық дәуірі. Сондықтан ел азаматтарының атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тәуелсіз Қазақстанды құрудағы ерен еңбегі үшін шын жүректен алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосқан барша отандасымызға алғыс айтты.
– Еңселі ел болуымызға барлық саланың, түрлі мамандықтың өкілдері және барша азаматтарымыз бір кісідей атсалысты. Түптеп келгенде, Тәуелсіздікті нығайту дегеніміз – елге пайдасы тиетін нақты жұмыстарды жүзеге асыру. Қазақстан сіздердің жасампаз еңбектеріңіздің арқасында зор жетістікке жетті. Мен осы мерейлі сәтте Тәуелсіздігімізді нығайтуға қосқан үлесі үшін дүйім жұртқа алғыс айтамын, – деді Президент.
Президент алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы айта келе, елімізді одан әрі дамытудың басым міндеттеріне тоқталды.
– Енді алдымызда болашақтың экономикасын жедел құру міндеті тұр. Оның негізін жаңа технологиялар, жасанды интеллект, жоғары еңбек өнімділігі және шығармашылық бастама құрайды. Бұл жұмыстарды атқаруда жастар шешуші рөл атқаруы керек. Мемлекет қоғамдағы конструктивті диалог пен ынтымақтастықты мақсатты түрде дамыта отырып, әрқашан жауапты азаматтарға арқа сүйейді. Біз дәйекті саяси жаңғыру үдерісін жалғастыра береміз, бірақ әлеуметтік антагонизмге, популизмге, ішкі жағдайдың тұрақсыздануына жол бермейміз. Елімізде үйлесім мен тәртіптің берік арқауы ретінде заң үстем құруға тиіс. Экологияны жақсарту алдағы онжылдықтағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болады. Қазақстан цифрлық технологияны енгізу ісін жан-жақты күшейтеді. Біз қоғамда іскерлік рухы мен тәжірибесін одан әрі күшейтуді сөзбен емес, жасампаз ұлттың даңқын асыра отырып іспен көрсетуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында мінберге ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты шақырды.
Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.