Көш әлі де толастамауда
Қазақстанның тəуелсіздік алғанына биыл 30 жыл толмақ. Осынау егемендігіміз жалпақ жұртқа алғаш жарияланған тұста елімізден жырақ өмір кешіп жатқан талай қандасымыз «қазағымның көк туы желбіреді» деп бөркін аспанға лақтырды. «Ата-бабамыз аңсап кеткен азаттық ата жұртымызға орнады» деп көпшілігі көз жасына ерік берді. Жаратқанның сөзі жинақталған «Құран» кітабын ең алғаш болып қазақ тіліне аударған ғалым, жазушы Халифа Алтай осынау жүрекжарды хабарды естігенде бірден құбылаға бет бұрып, сəждеге бас ұрып, ұзақ уақыт тапжылмай жатыпты. Осылайша, жүрегінің түкпіріндегі аяулы арманының орындалғанына шүкіршілік еткен. Сол тұста сырт жүрген барша қазақтар тарихи отанының дербес ел болып қалыптасқанына шексіз қуанды. Көкіректерінде үміт оты оянып, атажұрттың азаматы атануға мүмкіндік туғанына шынайы шаттанды. Көп кешікпей «Ұлы көш» басталды. Атырау облысына былтыр ш е т м е м л е к е т т е р д е н 4 7 мүшесі бар 35 отбасы көшіп келген. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары баяндады. Олардың айтуынша, мұнайлы өңірге қоныс аударған қазақтардың басым көпшілігі Өзбекстаннан келген. Бұл елден атажұртқа жеткен 25 отбасында 35 адам бар. Сондай-ақ, Қытайдан 10 адамды құрайтын 8 отбасы, Украинадан 2 адамнан тұратын 2 отбасы келген.
– Елге келген қандастардың оралман мəртебесін беру туралы өтініші халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы түсті. Құжаттары қаралып, оралман мəртебесін беру туралы шешім қабылданды. Олар басқа Қазақстан азаматтарындай жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, кезекке қойылды. 27 отбасы Атырау қаласына қалуды ұйғарса, 6 отбасы Жылыой ауданына, ал бір отбасыдан Индер мен Мақат аудандарына орналасты, – дейді басқарма өкілдері.
«Отаныма оралғаныма қуанамын…»
Өңіріміздегі қандастармен сұхбаттасу мақсатында біз олар көбірек қоныстанған Атырау қаласының іргесіндегі Көкарнаға жол тарттық. Жеке сəнді үйлерден құралған ауыл көшелерінің көпшілігіне тас жол төселген. Кейбіріне жарық бағандары орнатылған. Ал біз қандастарды кездестірерміз деген үмітпен көшелерді аралап келеміз. Əр тұстан ойнаған топ-топ балалардан өзге бейсауыт жүрген тұрғындарды көрмедік. Аула ішіндегі тіршілікті жұрт көзінен қалқалаған биік шарбақтар мекен тұрғындарына жолығуға мүмкіндік бермеді. Дегенмен, біраздан соң ұзын көшенің бойынан егде тартқан адамды жолықтырдық.
– Ассаламуалейкум, аға! Наурыз мерекесі құтты болсын,- деген сəлемімізге елең еткен қария, жүзіне шуақ үйіріле, қос қолын ұсынып: – Уағалейкумассалам, көп жаса, балам, – деді.
Осылайша, шүйіркелесе кеттік. Қателеспеппіз. Жолықтырған адамымыз Өзбекстаннан көшіп келген қандасымыз екен. Өзін Кенжетай Жолдасбаев д е п т а н ы с т ы р ғ а н а ғ а м ы з Атырауға 2005 жылы алдымен бір өзі салт келіпті. Өзінің құрылысшы мамандығы бойынша түрлі жұмыстарға орналасқан. Бірде Мақаттағы жаңбырдан кейін құлаған үйлерді қайта салуға қолғабыс берсе, енді бірде Орал-Атырау тас жолын төсеуге жəрдемдескен. Бөгде жерге бейімделе келген соң 2009 жылы отбасы мүшелерін көшіріп əкеліпті.
– Біз Өзбекстанның Хорезм облысы, Үргеніш ауданы, Шалыш поселкесінен қоныс аудардық. Ол жақтағы жағдайымыз жақсы еді. Тұрған жеріміз Амудария өзенінің жағасы болатын. Төңірегімізде санаторий, лагерь, ипподром бартұғын. Табиғаты да əсем. Бір сөзбен айтқанда – курорттық жер. Ауылымызда бұрын 1200-ден астам қазақ отбасы тұрды. Қазақы орта, қазақ тілінде білім беретін мектебіміз болды. Ол мектеп əлі күнге дейін жұмыс істеуде. Бірақ, қазақ отбасыларының бүгінде сол ауылда тек 130-дайы ғана қалды. Мен сегіз жылдық мектепті қазақша оқып, қалған екі жылды өзбек тілінде тəмамдадым. Ташкент политтехникалық институтына оқуға түсіп, өндірістік құрылыс инженері атандым. Еңбек ете жүріп, жылжымалы механикаландырылған колоннасында (ПМК) мекемелерінде директор қызметін атқардым. Бертін келе «ел ішіндегі басшылық орындарда тек жергілікті ұлттың өкілі отыруы керек» деген сол елдің саясатының əсерінен бас инженер лауазымына ауыстырылдым. Осылайша, көрінбейтін қысымшылықтар пайда бола бастады. Ойлана келе, «қой болмас, балаларымды атажұртына апарайын» деген тоқтамға келдім. Сөйтіп, үш отбасы бірігіп, 40 тонналық контейнерді жалдап Қазақстанға үдере көштік, – деді 72 жастағы Кенжетай ағамыз.
Үш ұл, бір қызы бар отбасы бастапқы кезде біраз қиналыпты. Үй жалдау, ұл-қыздарын жұмысқа орналастыру, «оралмандық» мəртебе алу оңайға соқпаған. Екі жылдан соң Тасқала-3 ауылынан жер учаскесін алып, сол жерге үй тұрғызыпты.
– Келгеннен соң бір ұлым – құрылыс компаниясына орналасып, екіншісі саудамен айналысты. Өзім газ құбырын тарту мекемесіне жұмысқа тұрдым. Мұратсайдан Сайқынға газ тарттық. «Еңбек етсең – емерсің» деген ұстаныммен қ о л д а н к е л е р к е з – к е л г е н қызметті де атқаруға ұмтылдық. Осылайша, бірер жылда бұл жаққа да толықтай үйренісіп алдық. Үлкен ұлым үйлі-баранды болған соң, осы Көкарна ауылынан жер сатып алып, ортаншы ұлымызға үй салдық. Шүкірміз. Қазір үйімізде жарық та, су да, газ да бар. Көлік жолы да сайрап жатыр. Бұрынырақта мұның бірі де болмады. Құдықтан су тартып, көмірмен үй жылытып, шам жарығымен шай ішкен кездеріміз ұмыт бола бастады. Қазіргі уақытта зейнеткерлікке шықтым. Жұбайым Құрбанай екеуміз ауламызға бау-бақша егеміз. Асқабақ, қызанақ, қияр, бұрыш, баклажанды базардан сатып алмаймыз. Шарбағымызда алма, шие, өрік, алмұрт ағаштарымен қатар 25 түп жүзім өсіп тұр,- деп күлімдеді қария.
Бүгінде Атырауға Үргеніштен көшіп келген 20 отбасының 6-уы осы Көкарна ауылында тұрса, қалған 14-і Тасқалаға қоныстаныпты. Бəрі бір-бірімен қоян-қолтық араласып, кейбірі өзара құдандалы болып жатқан жайлары да бар екен.
– «Елге ел қосылса құт» деп бекер айтпаған ғой. Қазір осы өңірге Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстаннан көшіп келген қазақтар береке-бірлікте мамыражай тірлік кешіп жатыр. Бастапқы кездегі ауыртпашылықтар артта қалып, бəрі ертеңгі күнге деген мол сеніммен ғұмыр кешуде. Көпшілігі қызметке орналасып, жайлы баспаналы болды. Адал еңбегіне бір-бір көлік мінген жастарды көргенде шынайы риза боламыз. Осындай бейбіт өмір кеше отырып, бүгінде расымен отаныма оралғаныма қатты қуанамын. Атажұртқа келгенім, ең дұрыс шешім болды, – деді Кенжетай Жолдасбайұы.
Иə, ақ жарқын көңілді ағамыздың ақтарыла айтқан əңгімесі ұзаққа барды. Əрі-берідегі тарихты да, шежірені де бір кісідей біледі екен. «Теңіз тамшыдан танылады» дегендей осы сұхбатымыз арқылы аймақтағы қандас бауырлардың ортақ жайын білгендей болдық. Бас біріктірген қандастардың бейімделе келе елдің белсенді бір мүшелеріне айналғанына көз жеткіздік.
ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ МӘЛІМЕТІНШЕ, 1991 ЖЫЛДАН КҮНІ БҮГІНГЕ ДЕЙІН ЕЛІМІЗГЕ 1 МЛН. 73 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚ ОРАЛЫПТЫ. АЛ, 2021 ЖЫЛҒЫ 1 НАУРЫЗДАҒЫ ЖАҒДАЙ БОЙЫНША 2 407 ҚАНДАС ТАРИХИ ОТАНЫМЕН ТАБЫСҚАН. ОСЫ ЖЫЛДЫҢ БАСЫНАН БЕРІ ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛГЕН ҚАНДАСТАРДЫҢ ЖАРТЫСЫНАН АСТАМЫ (72,9%) ӨЗБЕКСТАННАН, 15%-Ы ҚЫТАЙДАН, 4,6%-Ы ТҮРКІМЕНСТАННАН, 3,5%- Ы МОҢҒОЛИЯДАН ЖӘНЕ 4%-Ы БАСҚА ЕЛДЕРДЕН КЕЛГЕН ЕКЕН. ОРАЛҒАН ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАР НЕГІЗІНЕН АЛМАТЫ (36,8%), ТҮРКІСТАН (16,4%) ЖӘНЕ МАҢҒЫСТАУ (10,2%) ОБЛЫСТАРЫНА, СОНДАЙ-АҚ ШЫМКЕНТ (12,7%) ЖӘНЕ НҰР-СҰЛТАН (5,9%) ҚАЛАЛАРЫНА ҚОНЫСТАНЫПТЫ.