ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Альберт Рау арнайы құқықтық режим нормалары қолданыстағы Конституцияда да бар екенін атап өтті. Мәселен, Астана халықаралық қаржы орталығы. Оның аумағында арнайы құқықтық режим және бөлек сот жүйесі жұмыс істейді. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында бұл норма өңірлер деңгейінде одан әрі дамиды.
«Осы тұрғыда біз жаңа Алатау Сити қаласы туралы айтып отырмыз. Қазір қарқынды жұмыс жүргізілуде, және Президенттің тапсырмасымен, тоқсан соңына дейін Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы конституциялық заң қабылданады деп үміттенеміз. Шындығында, бұл – реттеуді таза парақтан бастау деген сөз. Бұл Астана дамығандай айтарлықтай серпін беруі мүмкін», – деді Альберт Рау.
Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов бұл механизмнің ең алдымен өңірлерге қосымша шетелдік инвестиция тартуға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, бұл әрбір өңірдің әлеуетін оның ерекшеліктерін ескере отырып тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Бұл тәсіл мультипликативті әсер береді: дамуға тек жеке қала ғана емес, сонымен қатар оның маңайдағы аумақтары және қосымша экономикалық салалар да ие болады. Мысалы, Алатау Сити сияқты ірі жобаларды жүзеге асыру барысында құрылыс саласы, өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету салалары қатар дамиды», – деп түсіндірді Асхат Рахымжанов онлайн-марафон барысында.
Депутаттың айтуынша, жобада айқын әлеуметтік әсер те қарастырылған. Атап айтқанда, ішкі еңбек миграциясы бақыланатын болады, ал өңірлерде қосымша жұмыс орындары жасалады, әсіресе жастар үшін. Бұл жас мамандарды өңірде қалдыруға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде сатып алу қабілеті өсіп, өңірлік экономика дамиды.
«Қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, оларды бөлек қарастыру көзделмегенін атап өткен жөн. Конституция елдің аумақтық тұтастығы мен бөлінбейтіндігін нақты бекітеді. Мемлекеттік билік құрылымы өзгеріссіз қалады. Сонымен бірге, жедел даму қалалары үшін сәйкес конституциялық заңдарды қабылдау қарастырылған. Барлық шешімдер қолданыстағы құқықтық аясында және мемлекеттік органдар бақылауында қабылданады. Арнайы құқықтық режим олардың дамуы үшін қосымша жағдайлар жасауға бағытталған», – деп түйіндеді Асхат Рахымжанов.