Бүгінгі таңда баспа БАҚ елдің ақпараттық кеңістігінде маңызды рөл атқарады. Олар байыпты аналитиканың, өзекті ақпараттың және қоғамдық процестерге кәсіби көзқарастың сенімді көзі болып қала береді. Журналистердің, шолушылардың, редакторлардың, беттеушілердің еңбегі – мәдени мұраны сақтауға, қоғамдық диалогты дамытуға және сөзге деген сенімді нығайтуға қосылған зор үлес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан журналистерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады. Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары Әділетті Қазақстанды құруға және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға елеулі үлес қосып келе жатқанына назар аударды.
Президент мерзімді баспасөз өкілдерін конституциялық реформаны, сондай-ақ тұтас мемлекеттік жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған басқа да ауқымды өзгерістерді БАҚ-та жариялау кезінде конструктивті жұмыс істеуге үндеді. Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында патриотизм ұғымына жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарап, заңды құрметтеу арқылы егемендігімізді және тәуелсіздігімізді қорғау ұлты мен дініне қарамастан әрбір отандасымыздың міндеті екенін айтты. Мемлекет басшысы отандық журналистер осынау аса маңызды іске белсенді атсалысатынына сенім білдіріп, оларға толайым табыс пен бақ-береке тіледі.

