Қаралы хабарды Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы естіртті. Гүлзира Бөкейхан 1969 жылы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданындағы Алтай өңірінде дүниеге келген. Музыкаға ерте жастан ден қойған ол кәсіби вокал өнерінде өзіндік бағыты мен орындаушылық мәнерін қалыптастырды.
Өнер жолындағы алғашқы қадамын 1983 жылы Іле облыстық өнер колледжінде бастаған. Аталған оқу орнын 1986 жылы тәмамдап, еңбек жолын Іле облыстық Қазақ ән-би театрында жалғастырды. Кейін 1988–1993 жылдары Бейжің ұлттық университетінің музыка факультетінде вокал мамандығы бойынша білім алып, жоғары білім иесі атанды.
1999 жылы тарихи отанына оралып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аспирантурасына қабылданды. Ол жерде КСРО халық әртісі Роза Жаманованың жетекшілігімен білімін жетілдіріп, 2001 жылы оқуын аяқтады.
Одан кейінгі жылдары Гүлзира Бөкейхан елордада еңбек етіп, Астана мемлекеттік филармониясы мен Президенттік мәдениет орталығында әнші қызметін атқарды. Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты атанған өнер иесі қазақ вокал мектебінің дамуына сүбелі үлес қосты, жас орындаушыларға тәлім-тәрбие берді.



