Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағының ең ауқымды – екінші кезеңі жалғасып жатыр. Еліміз бойынша 2,5 мыңнан астам Ұлттық статистика бюросының интервьюері елді мекендерді аралап, аграрлық салаға қатысты деректерді жинап жатыр.
Интервьюерлерді арнайы көгілдір түсті формасынан және бейджі бар қызметтік куәлігінен оңай тануға болады. Бейджде орналасқан QR код арқылы қызметкердің жеке басын бірден тексеруге мүмкіндік бар.
Сонымен қатар интервьюердің куәлік нөмірін sanaq.gov.kz сайтындағы «Интервьюерді іздеу» бөлімінде енгізу арқылы немесе 1446 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, ақпаратты нақтылауға болады.
Егер интервьюер келген кезде үйде ешкім болмаса, ол байланыс деректері көрсетілген хабарлама қалдырады. Мамандардың белгіленген мекенжайға бару фактісі GPS жүйесі арқылы тіркеледі. Жалпы, интервьюерлердің жұмысы тұрақты бақылауда. Әрқайсысына сауалнаманы дұрыс жүргізуді қадағалайтын нұсқаушылар бекітілген. Сондай-ақ өңірлерге Ұлттық статистика бюросының жұмыс тобының мүшелері шығып, санақтың жүргізілу тәртібі мен жиналған деректердің объективтілігін тексереді. Күн сайын деректердің сапасы бақылаудан өтеді, мұнда қателіктер анықталса, мысалы, респонденттің мекенжайы дұрыс енгізілмесе немесе көрсеткіштер күмәнді болса, түзетулер жасалады.
Ұлттық статистика бюросы барлық жауаптардың құпия сақталатынын және тек ресми статистиканы қалыптастыру үшін ғана пайдаланылатынын еске салады.
Ауыл шаруашылығы санағының офлайн кезеңі 20 қазанға дейін жалғасады.

