Жүргізіліп жатқан профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралардың арқасында Қазақстанда оба, тырысқақ, дифтерия, полиомиелит, іш сүзегі және паратифті қоса алғанда, 21 инфекциялық аурудың жағдайлары тіркелген жоқ. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді. Спикер атап өткендей, 33 инфекция бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуіне қол жеткізілді, оның ішінде: А вирустық гепатиті — 2,5 есе, коронавирустық инфекция — 1,6 есе, лямблиоз — 32%, аскаридоз — 21%, сальмонеллез — 7%-ға. Туберкулезбен сырқаттанушылықтың 12,6% — ға, оның ішінде тыныс алу органдарының туберкулезімен — 11,5% - ға, бактерия бөлумен-4,14% - ға төмендеуі байқалады.
Спикердің мәліметінше, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда. Қызылшаға қарсы 191 мыңнан астам бала, көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге қарсы — 235 мыңнан астам бала иммундаумен қамтылды. Ағымдағы жылдың 8 айында жоспарлы иммундау шеңберінде: қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы — 1 жастағы 220 519 бала және 6 жастағы 225 734 бала егілді. Көкжөтелге қарсы екпелерді бір жасқа дейінгі 200 131 бала, 1 жастағы 216 625 бала және алты жастағы 215 163 бала алды. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдайды толық тұрақтандыру үшін көзделген жастағы балаларды вакциналаумен қамту қажет. Осыған байланысты бас мемлекеттік дәрігер балалардың ата-аналарына үндеу тастады.