Елімізде қатерлі ісік ауруларына шалдыққан 236 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда тұр. Жыл сайын 41 мыңнан астам науқасқа онкологиялық аурулар диагнозы қойылады. Жыл сайын онкологиялық науқастардың саны 5-6%-ға өседі, жалпы, сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Қатерлі ісік ауруының өсуі – бұл әлемдік тенденция, оның бір себебі – халықтың қартаюы, сонымен қатар қазіргі өркениеттің көптеген факторының әсері, яғни дене қозғалысы белсенділігінің төмендігі, дұрыс тамақтанбау, генетикалық және соматикалық мутацияларды жүзеге асыру. ҚазОРҒЗИ басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов ОКҚ алаңында өткен брифингте осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы 10 жылда қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 33%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 63 жағдай тіркелді.
Сонымен қатар ісіктерді кеш анықтау мәселесі сақталып отыр, бұл ерте диагностика шараларын күшейту қажеттілігін көрсетеді. Қазақстанда 2008 жылдан бастап жатыр мойны, сүт безі, тоқ ішек қатерлі ісіктерін ерте анықтау бойынша скринингтер енгізілді. Жыл сайын осы бағдарлама бойынша 2,8 млн-ға жуық адам қамтылады, бұл 230 мыңнан астам қатерсіз және ісік алды ауруларын анықтауға, емдеу тиімді болатын ерте кезеңдердегі қатерлі ісіктердің 2800-ден астамын диагностикалауға мүмкіндік береді.
Скринингтердің тиімділігін арттыру мақсатында онкоскринингтерге нысаналы топтарды қамтуды 2028 жылға қарай тиісті халықтың 90%-на дейін жеткізу жоспарда. Заманауи тестерді пилоттық сынау жүргізілуде: бастапқы АПВ, жасанды интеллектпен маммография, ферменттік гемокульт-тест. Сынақтан сәтті өткен жағдайда олар скрининг алгоритміне енгізуге ұсынылады. Үш қалада (Астана, Шымкент және Өскемен) ақпараттық-коммуникациялық және талдамалық жұмысты күшейтіп, елдің басқа медициналық ұйымдарына оң тәжірибені одан әрі кеңейте отырып, скринингтің бірінші кезеңін орталықтандыру бойынша пилоттық жобалар іске қосылуда.
Қазақстанда 14 ПЭТ/КТ аппараты бар 10 ядролық медицина орталығы және 4 циклотронды-өндірістік кешені, 7 ОФЭКТ қондырғысы жұмыс істейді. Алдағы екі жылда жеке инвестициялар есебінен ПЭТ/КТ аппараттары бар тағы 5 орталық ашу жоспарланған. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚазОРҒЗИ басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов мәлімдеді.
Сонымен қатар Қазақстанда лютеция мен самария негізінде емдік радиофармпрепараттарды стационардан тыс пайдалануға рұқсат беру жоспарда бар.
Спикердің айтуынша, қатерлі ісік диагнозын тек патоморфологиялық зерттеулерге сүйене отырып қоюға болады. Сондықтан бұл бағытты дамыту онкологиялық көмек жүйесіндегі басымдықтардың бірі болып табылады.
ҚазОРҒЗИ басшысы бүгінгі таңда қазақстандықтар қазіргі заманның нысаналы және иммуно-онкологиялық препараттарының 45-тен астам атауына қол жеткізе алатынын айтты. 2015 жылы бұл препараттар 9 млрд теңгеге, ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 103 млрд теңгеден астам сомаға сатып алынды.
Ол халықаралық стандарттарға сәйкес онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу хаттамалары үнемі жаңартылып отыратынын айтты. Бұл дәрілік терапияның қолжетімділігін арттыру және қаражатты тиімді пайдалану үшін қажет.
Қазақстанда жыл сайын 20 өңірлік және 2 ұлттық онкологиялық орталықта 57 мыңнан астам хирургиялық көмек көрсетіледі. Оның 20%-ын күрделілігі III-IV санаттағы операциялар құрайды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚазОРҒЗИ басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов мәлімдеді.
Ол елде сәулелік терапияны қолдана отырып, онкологиялық науқастарға көрсетілетін көмектің дамып келе жатқанын айтты. 2024 жылы еліміздің 5 өңірінде қосымша 6 жаңа желілік үдеткіш пайдалануға берілді. 2025 және 2026 жылдары ел бойынша тағы 10 желілік үдеткіш орнату жоспарланып отыр. Төрт заманауи сызықтық үдеткіші бар Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық жұмыс істей бастады. Осылайша, 2028 жылға қарай сәулелік терапияны жүргізуге арналған заманауи жабдықтармен жарақтандыру 85%-ды құрайды, ал сәулелік терапия қажеттіліктің 80%-ын қамтиды.
Сонымен қатар «Дәрігер — МАЖ — Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесі» моделі жетілдіріліп жатыр. Бұл пациент туралы бүкіл мәліметті ақпараттық жүйеде — күдік туғызудан және диагнозды растаудан бастап, емдеу тактикасы бойынша көпсалалы топтың шешіміне, емдеу жоспарының орындалуына және аурудың өршуі жағдайында есірткі анальгетиктерін тағайындауға дейін тиімді бақылауға мүмкіндік береді.