Бүгіннен бастап 7 маусымға дейін Сиянь – Алматы жолаушылар пойызы іске қосылады. Пойыз Қазақстан Республикасындағы Қытай туризм жылы аясында ұйымдастырылған. Сонымен қатар Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқан – Бұхара бағыты бойынша «Jibek joly» және «Keruen Express» туристік пойыздары іске қосылды. 2024 жылдың қараша айынан бастап бұл пойыздар 5 сапар жасады. Туристік агенттіктердің өтінімдерінің түсуіне қарай бұл пойыз жүруді жалғастырады.
Жылжымалы құрамның жалпы паркінде 2600 вагон бар. Соңғы жылдары жолаушылар вагондарын жаңарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы 143 вагон сатып алынды. Соңғы 5 жылда тозу деңгейі 59-дан 42%-ға дейін төмендеді. Ағымдағы жылы сатып алу көлемі 226 бірлікке дейін ұлғайтылады.
Комитет басшысының айтуынша, жазғы тасымалдау кезеңінде жолаушылар пойыздарын бақылау шаралары күшейтіледі. Атап айтқанда, ведомствоның аумақтық инспекциялары жолаушылар пойыздарын олардың кестелеріне сәйкес мезгіл-мезгіл тексеруді жүзеге асырады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда тасымалдаушылар субсидиялау шарттары шеңберінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тұрақсыздық айыппұлын төлейтін болады.
Сұранысы ең жоғары бағыттар бойынша тасымалдау ережелерінің сақталуын мониторингтеу үшін тасымалдаушылар мен Көлік министрлігінің өкілдері қатарынан мобильді топтар ұйымдастырылмақ. «Құпия сатып алушы» әдісі қолданылады. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, вагондардың санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйін тексеру жөніндегі бақылау шаралары күшейтіледі. Жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.