Қазақстанда Алматы қаласындағы «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ базасында созылмалы бүйрек ауруын (СБА), созылмалы жүрек жеткіліксіздігін және 2 типтегі қант диабетін емдеуге арналған инновациялық препаратты жергілікті өндіру жолға қойылды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «АстраЗенека» халықаралық компаниясының Қазақстанда инновациялық препараттарды жергіліктендіру бастамасын жоғары бағалаймыз. Компанияның жобасы саланың тұрақты дамуын, заманауи әрі тиімді дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған денсаулық сақтау және өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын көрсетеді. Жергілікті өндірістің сәтті үлгісі ретінде «Форсига» атты түпнұсқа препараттың шығарыла бастауы – әлеуметтік мәні бар аурулар: 2 типті қант диабеті, жүрек жеткіліксіздігі және созылмалы бүйрек ауруларын емдеуге арналған маңызды қадам. Бұл маңызды қадам пациенттерді үздіксіз қажетті терапиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
Созылмалы бүйрек ауруын емдеуге арналған препараттың жергілікті өндірісін іске қосу – Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды қадам. Қазіргі таңда бұл ауру еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі мен пациенттердің өмір сапасының нашарлауына себеп болатын кең таралған себептердің бірі болып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда әрбір оныншы тұрғын – шамамен 2 миллион адам – СБА-мен ауырады және гемодиализге тәуелді болу қаупі жоғары. Дегенмен, ауруды ерте диагностикалау мен заманауи терапия оның дамуын тежеп, бүйрек жеткіліксіздігінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Бұл өндіріс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған Қазақстанда дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың отандық өндіріс үлесін 50%-ға жеткізу жөніндегі ұлттық саясаттың шеңберінде іске асырылып отыр. «АстраЗенека» компаниясы бұл жобаға 5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды, ал 2030 жылға дейін инвестиция көлемі 40 млн долларға жетеді деп күтілуде.
Қазақстанда келісімшарттық өндірісті жергіліктендіру туралы шешім 2020–2025 жылдарға арналған фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспардың аясында қабылданды. Бұл жоба Қазақстан, Ұлыбритания және Швеция арасындағы инвестициялық әріптестіктің жарқын мысалына айналды.
«Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» 20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде қызмет етіп келеді.