Роликті алаяқтар пайда табу мақсатында жасаған. Видео жалған дауыспен дыбысталған. Сенімдірек болуы үшін алаяқтар қазақстандық «Хабар» телеарнасының жаңалықтарынан үзінді алған. Екінші видео – журналист Виктор Бурдин медицина профессоры Алмаз Шарманнан алған сұхбаттан үзінді. Ол 3 жыл бұрын Forbes Kazakhstan журналының YouTube-арнасында шыққан. Онда вакцинация, биологиялық белсенді қоспалар, дәрігерлердің жалақысы туралы айтылады, бірақ буынға арналған жақпа туралы сөз жоқ.
Ғалым Алмаз Шарманның жеке Instagram парақшасы бар. Онда буынға арналған жақпа туралы ақпарат жоқ.
Видеоны жалған дауыспен дыбыстау – алаяқтық схеманың бір жолы. Атақты адамның нақты сөзін пайдалана отырып, алаяқтар оның үстінен жалған дыбыс жазады. Әсіресе, танымал саясаткерлер мен блогерлердің есімдері жиі қолданылады.