Ондайда «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі ағарту ісі қызметкерлеріне қолдау білдіріп, жанынан табылып жүр. Бұл туралы atr.kz жазады. Мәселен, Құлсары қаласындағы Жылыой аудандық білім беру бөліміне қарасты №22 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі Айнагүл Шайхинаның ісі жуырда әділ шешімін тапты. Мектепте жиырма жылдық еңбек өтілі бар география пәнінің мұғалімі кәсіподақ ұйымына былтыр жыл аяғында өтініш берген екен. Міндетіне адал, әр сабағын оқушылар үшін мазмұнды, әрі ізденіске толы материалдармен өткізетін ұстаздың еңбек демалысына шығар кезде ақшасы дұрыс есептелмепті.
– Облыстық салалық кәсіподақ ұйымына келгенде А.Шайхинаның айтқан уәжі бойынша 2022 жылы 1 қыркүйекте бекітілген тарификацияға сәйкес, 2022-2023 жылғы оқу жылында қажетті маманның болмауына байланысты 24 оқу жүктемесіне қосымша тағы 9 сағат берілген. Сөйтіп, жыл бойы мұғалім 33 сағат оқу жүктемесін орындайды. Алайда, былтыр 1 маусымда кезекті еңбек демалысына шыққан оған оқу жылының басында бекітілген 24 сағатпен жалақысы және сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Бұған келіспеген ұстаз кәсіподаққа шағым берген еді. Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы кәсіподақ мүшесінің мүддесін қорғап, Жылыой аудандық сотына шағым түсірді. Атап айтқанда, кәсіподақ мүшесіне мектептің әкімшілігі оқу жылындағы каникул кезінде төленбеген 404261 теңге жалақысы және нақты жүктеме бойынша сауықтыру жәрдемақысы үшін есептелген 107708 теңге, барлығы 511969 теңге төлеуді талап етті, – дейді бірлестік төрағасы Қылышбай Сүндетұлы.
Бастысы, биыл 29 қаңтарда облыстық салалық кәсіподақ ұйымы түсірген шағымды Жылыой аудандық соты ашық түрдегі сот мәжілісінде қарап, тиісті шешімді кәсіподақтың пайдасына шығарып, ұстаздың құқығы қорғалған. №22 орта мектептің әкімшілігі Атырау облыстық сотына апелляциялық талап-арыз түсіргенімен, бастапқы шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Бірлестік төрағасының айтуынша, Айнагүл – кәсіподақ құқығын қорғап отырған төртінші мұғалім. Алайда, ол өңірдегі өзіне тиесілі еңбегінің ақысын толық ала алмай жүрген жалғыз ұстаз емес. Сондықтан, облыстық кәсіподақ ұйымының Facebook әлеуметтік желісінде сотта А.Шайхинаның құқығы қорғалғаны туралы ақпараты жарияланысымен қоғамдық бірлестікке тағы бір мұғалім өз басындағы осыған ұқсас жағдайды айтып, мұң шағыпты. Қызылқоға ауданындағы Ш.Еркінов атындағы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Б.Нұрмұхаммедова өзіне 31 сағаттық оқу жүктемесі белгіленгенімен (тариф бойынша 16 сағат және 15 вакант сағат), вакант сағат ескерілмей жалақысы тек 16 сағат бойынша есептелгені туралы шағымын жолдаған.
Бірлестік төрағасы сот шешімі бәріне ортақ екенін айтып, заң түсіндірмесі аймақтағы барлық білім беру мекемелеріне жолданып, мұғалімдерге тиісті ақысы толық төленетінін айтады. Ұстазды сыйлау – мойынсұну емес, тәртіпке бағыну. Ал, олардың еңбегіне қатысты заң тәртібінің сақталмауы белгілі бір мекеменің кемшілігі емес, бүкіл қоғамға сын. Сондықтан, баланың екінші анасы саналатын қасиетті мамандық иелері құқығының қай кезде де қорғалуына біз де тілекшіміз.