«Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты», - деді Президент.
Сонымен қатар, қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатқан ел ретінде, өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруы керектігін атап өтті.
«Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек».
Сондай-ақ, елімізде халықтың денсаулығын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлініп жатқанын, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін азаматтар тікелей сайлайтынын, адам құқығын қорғау жүйесі жетілгенін, Конституциялық Сот қайта құрылғанын, Омбудсмендердің құзыреті кеңейтілгенін, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза күшейтілгенін атады.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы басталғанын. Алдағы уақытта жоба аясында 655 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік нысан салынатынын. Бұған қоса, 20 ауданаралық көпбейінді емхана ашылып, ал 12 емхана заман талабына сай жаңаратынын ерекше атап өтті. Яғни, 4 миллионнан астам ауыл азаматына сапалы дәрігерлік қызмет көрсетілетін болады.