– Азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлерін Құтқарушы күнімен құттықтаймын! Сіздердің жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы әрі зор жауапкершілікті талап етеді. Мемлекет пен қоғам сіздердің антқа адалдықтарыңызды, қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Баршаңызға бақ-береке тілеймін! – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Х парақшасына.
Айта кетейік, бүгін мәртебесі биік құтқарушылар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Бұл – құтқарушылар, өрт сөндірушілер, сүңгуірлер, кинологтар, дәрігерлер, психологтар және төтенше жағдайға тап болғандардың бәріне бірінші болып көмекке келуге дайын басқа салалардың өкілдері. Олардың әрқайсысының жұмысы жоғары кәсіпқойлықты, жауапкершілік пен адалдықты талап етеді. Өмірді құтқару – қауіпті әрі игі іс.
Жыл сайын орта есеппен 16 мыңға жуық төтенше жағдай тіркеледі, қазақстандық құтқарушылар 10 мыңнан астам адамды құтқарып, 20 мыңнан астамын эвакуациялайды.