Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасары Азамат Күрімбаев атап өткендей, Ішкі істер министрлігі өз құзыреті шегінде темекі бұйымдарының, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда, соның ішінде кәмелетке толмағандардың демалуына арналған ұйымдарда, түнгі клубтарда, дискотекаларда, қоғамдық тамақтану пункттерінде және т. б. тұтынудың жолын кесу бойынша құқықтық ықпал ету шараларын қолданады.
Осы тыйымдарды бұзғаны үшін 15 АЕК немесе 50 мың теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза қарастырылған. Қайта жасағаны үшін 20 АЕК көлеміндегі айыппұлмен жазаланады.
«Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 13 мыңнан астам осындай бұзушылықтың жолын кесті. Бірақ бұл жерде назар аударатын жайт – қазір Қазақстанда темекі өнімдерін, оның ішінде кальянды тұтынуға толық тыйым салынбаған. Бұл – белгілі бір жерлерде ішінара тыйым салу. Яғни, сатып алуға, сатуға, үйде тұтынуға тыйым жоқ. Жас шектеулері ғана қарастырылған. Осы ретте қазіргі уақытта ел заңнамасында көңіл көтеру орындарында кальян сататын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жауапкершілік көзделмеген. Яғни, жеке тұлғалар жауапкершілікке тартылады, ал кәсіпкерлік субъектілері жазадан тыс қалады», – деп түсіндірді спикер.
Мысалы, бір дәмханада отбасымен баламен отырған кезде қасындағы клиент темекісін немесе кальянын тартып отырады. Әрине, сіз шағымданасыз, құқық бұзушы жауапкершілікке тартылады. Алайда жеке кәсіпкер жауапкершілікке тартылмайды. Себебі оған заңнамада жауапкершілік қаралмаған.
«Бұдан басқа, көп жағдайда кәсіпкерлік субъектілері мораторийді пайдалана отырып, кальян қызметін ашық түрде ұсынады, алайда бұған жол бермеу керек. Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін басты қағиданың бірі деп атады. Яғни, азаматтардың және қоғамның денсаулық сапасына әсер ететін ҚР заңнамасының анықталған немесе анықталмаған нормалары мен ережелерін ұстануға шақырды. Осы сәтті пайдалана отырып, кәсіпкерлерді ҚР заңнамасында қарастырылған талаптарды сақтауға және клиенттерінің ұстануын қамтамасыз етуге үндеймін», – деп мәлім етті құқық қорғау ведомствосының өкілі.