Ербол Мырзабосынов - қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Ол Qazaq кuresi қауымдастығын құру жұмысына атсалысқан, бас директор болды. Оның тікелей басшылығымен ел аумағында және халықаралық аренада қазақ күресінің бірыңғай ережесі бекітілді. Қазақ күресі Біріккен күрес әлемінің құрамына енді. UWW қамқорлығымен алғаш рет ұлттық спорт түрінен үш жас тобы арасында әлем чемпионаты өтті.
«Қауымдастық ережелерді біріздендіру және қазақ күресін халықаралық аренада таныту бағытындағы жұмысты жалғастырады. Мемлекет басшысы бұған дейін қазақ күресі үлкен шығындарды талап етпейтін және өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратын қолжетімді спорт түрінің бірі екенін атап өткен болатын. Жапония үшін дзюдо қандай болса, Qazaq кuresi халықаралық аренада Қазақстанды танытатын брендтердің бірі болуға тиіс. Мысалы, өзбек құрашы Азия ойындарының бағдарламасына кіреді және Өзбекстанға 7 салмақ дәрежесінде медаль алуға мүмкіндік береді. Егер қазақ күресі де осындай жетістікке жетсе, ұлттық спортымыздың беделін арттыратыны сөзсіз», - деді Ербол Мырзабосынов.