RSS лента

Қазақтың тазы және төбет ит тұқымдарының ұлттық орталығы ашылмақ

  • 08.06.2023, 19:58,
  • 602
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ortcom.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким қазақтың ит тұқымдарының популяциясын жаңғырту шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Комитет басшысы атап өткендей, 2022 жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында қазақтың тазы және төбет ит тұқымдарын жаңғырту және қорғау саласындағы уәкілетті орган құрды. Президент бұл тұқымдарды қазақтың ит тұқымы ретінде халықаралық деңгейде танытуға қол жеткізу міндетін қойды.

 

    «Жүргізілген талдау қазақтың ит тұқымдарының тектік қорының нашарлау үрдісі байқалғанын және олардың еліміздің көптеген өңірлерінде толық жойылу қаупі туындағанын көрсетті. Осыған байланысты олардың тектік қорын азғындаудан сақтау және қолдау маңызды болды», – деді ҚР ЭТРМ комитетінің басшысы.

 

Қазақтың ит тұқымдарының тектік қорының жай-күйін бағалау бойынша ғылыми зерттеулер де, бұл мәселеде мемлекеттік қолдау да болмаған. Спикердің айтуынша, елімізде таза асыл тұқымды төбеттерді табу қиын болған. Иелері көбінесе өздеріне пайда табу мақсатында оларды ірірек ит тұқымдарымен будандастырған. Бұл иттер ит төбелесінде қолданылған. Тазыға байланысты да осындай жағдай орын алған. Есепке алу мен тіркеудің болмауына байланысты иттердің нақты санын анықтау мүмкін болмады.

 

Мұндай жағдайда Қазақстанда жүйелі сипаттағы шаралар қабылданды. Ең алдымен, Халықаралық кинология федерациясының шарттарын ескере отырып, тазы мен төбетті халықаралық деңгейде таныту бойынша ұзақ мерзімді жоспар әзірленді.

 

Үстіміздегі жылдың 20 қаңтарында Мемлекет басшысы ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды. Тиісті түзетулер бірқатар басқа заңнамалық актілерге енгізілді.

 

    «Заңда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» РМҚК құрылымдық бөлімшесі ретінде қазақтың ит тұқымдарының ұлттық орталығын құру көзделген. Орталықтың ашылуы осы жылдың шілде айына жоспарлануда», – деді А. Ким.

 

Ұлттық орталық қазақтың ит тұқымдарын сақтаумен және өсімін молайтумен айналысады, кинолог-мамандарды осы ит тұқымдарымен жұмыс істеуге үйретеді, таза тұқымды иттерді өсіреді, куәліктер береді, олардың тегін сақтайды. Мүдделі тұлғалармен және ұйымдармен бірлесіп қазақтың ит тұқымдарының стандарттары пысықталатын болады. Көрмелер мен байқаулар, иттерге далалық сынау өткізу жоспарлануда. Ұлттық орталықта тазы мен төбеттің өсімін молайту және сақтау саласындағы мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарлама әзірленетін болады.

 

Комитет басшысы атап өткендей, орталықтың жұмыс істеуіне мемлекет алдағы үш жылға 1,4 млрд теңге бөлді.


«Қазақстан кинологтар одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бауыржан Серікқали аталған бағыттағы шаралар туралы айтып берді.


Қазақтың тазысы мен төбетін қорғау, ит ретінде көбейту, халықаралық деңгейде рәсімдеу мәселесі – Қазақстан кинологтар одағының алдында тұрған басты міндет. Көп жылдан бері қордаланып келе жатқан проблеманы шешу үшін алдымен тазы мен төбеттің иесі қазақ екендігі әлемдік деңгейде нақтылануы керек.

 

    «Халықаралық кинология федерациясына толық мүшелікке өтпейінше, бұл шаруаны шешу мүмкін емес. Сондықтан Бельгияның Тюэн қаласына сапар шегіп, біз халықаралық федерация басшылығымен кездесу өткіздік. Жүздесу барысында Қазақстан кинологтар одағының Халықаралық кинологтар федерациясына мүшелікке өту жөніндегі өтініші ресми түрде тапсырылды. Бұл мәселе биылғы 21-22 тамызда Женева қаласында өтетін халықаралық федерацияның бас ассамблеясында шешілуі тиіс», – деді Б. Серікқали.

 

Жеті қазынаның біріне жататын қазақы тазы мен төбеттің қазақы ит тұқымы екенін дәлелдеу үшін ең алдымен қаны бұзылмаған, басқа иттермен будандаспаған біртекті болуы шарт. Сонымен қатар тұқымы үздіксіз үш төлге ұласуы тиіс. Бұдан басқа, жүйелі қалыптасқан стандарт болуы керек. Бұл халықаралық ұйым талабы, дейді спикер. Қазіргі уақытта осы талапты орындау үшін жоспарлы түрде жұмыс жүргізілуде.

 

Сонымен қатар кинологтар одағының басшысы осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың кейбіріне тоқталды. Мәселен, Қазақстан кинологтар ұйымының өтініші бойынша осы жылғы 26 сәуірде қазақы тазы Халықаралық кинология федерациясының номиналды тізіміне енгізілген. Соған сәйкес қазақы тазы туралы мәліметтер халықаралық ұйымның сайтында жарияланды. Енді халықаралық сарапшылар мұндай ит тұқымы бар екенін біліп қана қоймай, халықаралық көрмелерде тазыға төрелік те жасай алады, деп нақтылады Б. Серікқали. Халықаралық федерацияның бұл тұрғыдағы басты талабы – иттердің тегі мен тұқымының жеткілікті болуы екендігін айтты ол.

 

    «Қазіргі таңда кинология одағы қазақы тазының дербес 8 тегі туралы мәлімет жинауға кірісті. Сонымен қатар қазақы иттерді халықаралық ұйым мойындауы үшін олардың өзгешелігін айқындап беретін генетикалық зерттеу нәтижесі болуы керек. Тазыға қатысты мұндай ДНК-тест жүргізіліп, халықаралық ғылыми журналда жарияланды», – деді Б. Серікқали.

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости