Алматыдағы The heart of Central Asia халықаралық туристік бизнес-форумы өтті. Шараға Түркия, БАӘ, Египет, Вьетнам және біздің еліміздің ірі қонақ үй брендтерінің, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген туроператорлардың, Еуропалық, шетелдік және жергілікті авиакомпаниялар мен туристік фирмалардың мыңнан астам өкілі жиналды. Форум аясында ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Anex Tour Директорлар кеңесінің төрағасы Вурал Қарасу кездесіп, бірнеше мәселе талқыланды.
Түркістандағы Халықаралық Туризм және қонақжайлылық университетінің студенттерінің Anex tour компаниясының әлемнің кез-келген еліндегі филиалдарында тәжірибеден өтуі, компания алаңдарында Қазақстандағы туризм туралы жарнамалық материалдарды орналастыру туралы сөз қозғалды.
Нәтижесінде түрік компаниясы алдағы 3-5 жылда Қазақстандағы шетелдік қонақтардың санын жылына 80 мыңға дейін жеткізуге ниетті екенін білдірді.
"Біз туризм саласындағы ірі халықаралық көшбасшылармен келіссөздерді жалғастыруға ниеттіміз. Бизнес-форумның барлық ұйымдастырушылары мен қонақтарына ерекше алғыс айтамын. Мұндай іс — шаралар елдегі инвестициялық ахуалға оң әсер етеді және бізді 2030 жылға қарай Қазақстандағы шетелдік туристер санын жылына 4 млн адамға дейін ұлғайту мақсатына жақындатады" - деді министр.