Ең төменгі жалақының «жыры»
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3450 теңгеге өсіп, ең төменгі жалақы 70 000 теңге болады. Ал, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 теңге, зейнетақының ең азы 53 076 теңге болып белгіленді. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңге.
Зейнетақы қалай өседі?
Жаңа жылдан бастап ең төменгі зейнетақы 53 076 теңге болады. Ал, мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі көрсеткіші 40 567 теңге. Бұған қоса базалық зейнетақы мөлшері біртіндеп 70 пайызға дейін артады. Төлем мерзімі ұзарады 1 қаңтардан бастап бала күтіміне арналған төлем мерзімі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтылады. Аталған мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 183,5 миллиард теңге қарастырылған.
Кімнің еңбекақысы жоғарылайды?
Өрт сөндірушілердің айлығы 10-нан 70 пайызға дейін өседі. Мұғалімнің ақшасы 25 пайызға артады. Бұл өсім, бірінші кезекте балабақша тəрбиешілеріне, мектеп пен колледж оқытушылары мен қосымша білім беру жүйесінің мамандарына қатысты. Дəрігерлердің жалақысын 2023 жылы 550 мың теңгеге дейін ұлғайту қарастырылған. Сонымен бірге, 70 мың теңгеге дейін айлық алатын 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмысшылардың да жалақысы өседі.
4 күндік жұмыс аптасы, мүмкін бе?..
Еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне əлеуметтік қорғау мəселелері бойынша түзетулер əзірленді. Онда жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде үстеме жұмыстың жалпы ұзақтығы төрт күндік, бес күндік жəне алты күндік жұмыс аптасында айына 12 сағаттан жəне жылына 120 сағаттан аспауы керектігі көзделген.
Мектептер бескүндікке ауысады
Жаңа жылдан бастап үш ауысымда оқитын мектептерден басқа барлық мектеп бескүндік жұмыс форматына көшеді. Бұл оқу жылының созылуы жəне оқу жүктемесінің қысқаруы есебінен жүзеге асырылады.
12 жылдық білім
Орта білімді дамыту үшін латын графикасын енгізе отырып, 2023 жылдан бастап 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңмен көшу көзделіп отыр. Осыған орай мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу бағдарламалары да жаңартылады.
Мобильді аударымдар тексеріледі
2023 жылы банктер салық органдарына лауазымды тұлғалар туралы ақпарат бере бастайды. Деректерді жолдау мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайы, квазимемлекеттік ұйым қызметкерлеріне ғана қатысты. 2024 жылдан бастап оған жеке кəсіпкерлер мен компания басшылары да қосылады. Бұл заң 2025 жылы басқа санаттағы клиенттерге де қолданылатын болады.
Темекі қымбаттайды
2023 жылдан бастап акциз мөлшерлемелері кезең-кезеңімен өседі. Фильтрі бар темекі: 2023 жылы – 1 000 данаға 14 100 теңге; 2024 жылы – 1 000 данаға 15 900 теңге; 2025 жылы – 1 000 данаға 15 900 теңге.
АЕК-пен бірге айыппұл…
2023 жылға бекітілген айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты айыппұлдың да көлемі өспек. Яғни, келесі жылы айып мөлшері 13 пайызға көбейеді. Жаңа жылдан бастап автомобиль қозғалысының жылдамдығын 10-20 километрге арттырған жүргізушілер 15 315 теңгенің орнына 17 250 теңге айыппұл төлейді. Ал, сағатына 20-40 километрге арттырса, 34 500 теңге, ал 40 километрден асырса 69 мың теңге айыппұл арқалайды. Əкімшілік жаза қолданғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 103 500 теңге айыппұл түріндегі əкімшілік жазаға тартылады.
«Правосы» жоқ болса…
Жүргізушілік куəлігі жоқ адам көлік жүргізсе, 69 мың теңге айыппұл салынады. Ал, автокөлікті жүргізу құқығынан айырыла тұра, көлік руліне отырса, 172 500 теңге айыппұл арқалайды немесе 20 тəулікке қамауға алынады.
Жол белгілерін елемегенге…
Жол белгілері мен оның талабын сақтамаған жүргізуші бұрынғы 9189 теңгенің орнына, 10 350 теңге айыппұл төлейді. Бағдаршамның «қызылына» тоқтамаған немесе жол қозғалысын реттеуші инспектордың тыйым салу қимылына құлақ аспаса, 34 500 теңге айыппұл арқалайды. Құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі 15 АЕК-ке көтеріледі, яғни 51 750 теңге төлеуі керек деген сөз. Жол қозғалысы ережесін бұзып, жаяу жүргіншілер жолы, жиектер мен тротуармен жүрсе 51 750 теңге айыппұл төлеуіне тура келеді.
Жаяу адам да жауапты
Жаяу жүргіншіге арналған жол қозғалысы ережелері орындалмаса, 6 900 теңге айыппұл арқалайды. Оны бір жыл ішінде қайталаса, айыппұл көлемі бірден 10 АЕК-ке дейін артып, 34 500 теңге төлейтін болады.