Сахнада жүргеніме 35 жылға таяда деген ол қазақстандық өнер жұлдыздарының музыкалық білімі жайлы да айтып қалды. Аса көп сұхбат бере бермейтін әншімен Stan.kz тілшісі сұхбаттасып, шығармашылық жаңалықтары туралы сұрап білді.
− Шығармашылығыңызда қандай өзгерістер бар? Жеке кеш беру жоспарда бар деп едіңіз...
− Менің шығармашылығым ешқашан тоқтамаған. Ән жазуды, ретро ән шығаруды, репертуар жаңартуды әдетке айналдырғанмын. Қазіргі таңда қазақ эстрадасында ән қоржыны менікіндей қомақты әнші жоқ шығар. Сахнада жүргеніме Ташкенттегі шығармашылығымнан бастап есептегенде биыл 35 жылдай болыпты. Концерт беруге оқталып жүргеніме 4 жыл болды. Көктемде 55-ке толған тойыммен қосып, концерт бермек ойым бар еді. Бірақ “қаңтар” оқиғасынан кейін халықтың көңіл-күйі болмады. Біздің де концерт беруге зауқымыз соқпады. Ел сабасына түссін деген ниетпен , осы қазан айының бірі күніне яғни, әлемдік музыка күнімен қоса, қарттар күніне орай кеш беру жоспарлаған едім. Үлкендерге құрмет деген бар ғой. Мен жыл сайын қарттар үйіне барып ән айтып, құттықтап кетемін. Ауқымды кешімді эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен «Өткен жылдар – маржандар» деген атпен қою ойда бар болған. Сол өзіміздің Нұрғиса, Шәмші әкелерімізден бастап, қазақ композиторларының туындыларын айтып, қарттарымыздың құрметіне кеш беруді жоспарлаған едім. Ол ойым қолдауға ие болмады. Мүмкін, әлемдік саяси дүрбелеңдерге байланысты болған шығар. Бірақ әлі де үмітімді үзбеймін. Қоғамның музыкаға деген ойы өзгерер. Үкімет өнерге өзі продюсерлік ететін күндер келер. Биыл болмаса, ендігі жылы беріп қалармын.
− Сахнада тұрысыңыз, жүрісіңіз басқа әртістерден өзгеше. Қазіргі сахна мәдениеті өзгерді ме?
− Сахна мәдениеті кезеңге қарамайды. Сахна – ол қашан да сахна! Көбіне кейінгі жастардың шығып жүргені – сахна емес, үлкен алаңдары, спорт кешендері. Қайткенде де, сахна мәдениеті сақталуы тиіс. Біз сол мәдениетті жалғастырушымыз. Алдыңғы буыннан алғанымызды кейінгіге қалдыруға міндеттіміз. Өнерде ол – үлкен жауапкершілік. Мәреге жету – оңай емес. Сахнадағы мәдениетке мән бермейтін жастар, олар – мәреге жетуді емес, бүгінгісін ғана ойлап жүргендер ғой. Ал жастардың арасында ауыз толтырып, мақтанышен айтатындар жетеді.
− Арасында сахнада балағат сөздерді қолданып, “хайп” қуалап жүргендер де жетеді. Оларға қандай да бір шара қолдану керек деп ойлайсыз ба?
− Әрине, тәртіп пен талап сақталса, керемет болар еді. Бірақ, бір өкініштісі, қазір ғаламтор дамыған заманда шектеу қою, бақылау мүмкін болмай тұр. Әркім өзінің әлеуметтік желісі арқылы елді аузына қаратып алып, кеш өткізіп, ойына келген сөздерді айтып жүр. Өскелең ұрпақты улап жатыр. Кейде сол жастардың әндерін естіп қалсам, шошып кетемін. Ата-анасының алдына “мен жаңа туындымды тыңдаңыздар” деп қалай айтады екен деп ойланып қаламын. Шара қолдану керек. Бірақ қандай шара қолдану керектігін мен білмеймін.
− Кештеріңізді тек жанды сүйемелмен, жанды дауыста ән орындайсыз. Қазақ эстрадасындағы музыкалық біліктілікке көңіліңіз тола ма?
− Музыкалық біліктілік бесіктен басталуы тиіс. Мектеп қабырғасында, бірінші сыныпта «қазақтың жаны» домбырадан бастап, Абай әндерін, ұлттық музыканы жастардың құлағына құя беруіміз тиіс. Мәжбүрлі түрде емес, сабақ бағдарламасына енгізілуі керек. Ал өсе келе, талантты балалар, өнерге келгісі келетін балалар өздігінен атылып шығады. Өнерге баулитын колледждер мен жоғары оқу орындарындағы бағдарламаны да жаңаша әлемдік, ұлттық көзқарастармен өзгерту керек. Кеңестік кеңістіктен қалған әдіс-тәсілдер – жақсы, әрине. Бірақ адам өскен сайын музыкалық көзқарас та, біліктілік те өседі. Өйткені өнер ордаларынан ұшқан түлектердің 10%-ы ғана осы салада қалып жатыр. Қалғаны ұстаздық жолды таңдаған шығар, мүмкін. Дегенмен бұл да көңіл қуантпайды. Қазір ескі-есті әндер қайтадан көтеріліп жатыр. Оның себебі композиторлар жаңадан ән жазбай жатқандығында емес, соны сараптай алмай жатқандығынымызда. Сапасыздау, орта шенде жүрген әншілер олар өз мүдделеріне, жеке жарнамасы үшін еңбек етіп жатыр. Егер мемлекет өнерге продюсер болса, БАҚ-тағы әндерді түзер еді. Шығып жатқан композиторлар мен ақындарды, әншілерді іздеп жүріп, оларға өздері қолдау көрсетіп, сараптама жасап, клип түсіріп беруі тиіс. Сонда ғана біздегі музыкалық біліктілік деңгейі артады.
− Қазір замандас-құрдастарыңыз ұлдарын үйлендіріп, қыздарын ұзатып жатыр. Сіз жақта тойдың ауылы да жақын шығар… Бұл тақырыпта әңгіме бола ма?
− Жақындап қалды. Дәулетім ер жетіп, Даянам бой жетіп отыр. Ұлым биыл 23-ке келді. Бұйырса, бір-екі жылда той жасап қалармыз.
− Ұл-қыздарыңызға болашақ жарын таңдауда қандай кеңес бересіз?
− Мен кинодағыдай «келін мынадай болу керек» деп айтпаймын. Жүрек қалауы. Жүрегіңді тыңда, түйсігіңе сен! Тұратын өзі ғой. Мүмкін, аяулы анасының көзі тірі болғанда, астарлап айтар ма еді. Ал мен кімнің қызы, қай жердің, қай рудың қызын алса да разымын. Ешқандай әлеуметтік деңгейіне қарамаймын. Жалпы, жарды не үшін таңдау керек? Сені Алла Тағала өзі тағдырыңда тоғыстырып қойған. Сен үйленбей тұрып өзің жартысың! «Таңдау» деген ескі заманның түсінігі ғой.