RSS лента

Алматының ақ халатты абзал жандарына алғыс айтамын!

  • 21.01.2022, 00:05,
  • 1 048
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Алматы кардиологиялық орталығының білікті дәрігерлері мені тура мағынасында ажалдан арашалап алды. Ендеше, «алтын қолды» ұжымға республикалық "Turan Times" сайты арқылы зор алғыс білдіргім келеді.

Әрине, халқымыз ұстанатын ата дініміз бойынша тіршілік иесіне өмірді беретін де, алатын да – бір Алла ғана. Ал, сол өмірді сақтап қалуға дәнекер болатын, бұл сөзсіз – ақ халатты абзал жандар, яғни, дәрігерлер. Мен бұған тікелей өзім көз жеткіздім дей аламын.


Жүрек тұсындағы аурушаңдық белгілері мені бұрыннан да мазалап жүретін. Тұрғылықты Атырау қаласындағы дәрігерлерге тексерілген кезде де олар ота жасау қажеттігін айтатын. Бірақ, отаның қалай жасалатынын егжей-тегжейлі естіген кезде қатты сескенуші едім.


Бірақ, араға уақыт салып ауру тағы да мазамды алды. Бұл жолы Алматы қаласында жүрген едім. Жүрегімнің шаншығаны соншалық, бұрынғыдан да бетер қатты қиналып кеттім. Шұғыл түрде «жедел жәрдем» көмегіне жүгінуге тура келді. Осылайша, кардиоорталықтан бір-ақ шықтым. Оның үстіне, бұл елдегі соңғы саяси оқиғалардың өршіп тұрған тұсы еді. Бірақ, дәрігерлер еш қиындыққа қарамастан өз қызметтерін жедел әрі адал атқарып шықты. Ота қанша ауыр болғанымен, жас та болса бас бола білген мамандар оны сәтті жасап шықты.


Олардың аты-жөндерін атап айтар болсам:


бөлім меңгерушісі Нұржан Жидебайұлы;

 

дәрігер-кардиохирургтар – Құралбек Исамадыұлы, Мақсат Әбдіманапұлы, Данияр Қалдыбекұлы, Дінмұхаммед Талғатұлы және Ұзақ Мәлікайдарұлы;

 

аға медбике Әлия Кеңесқызы;

 

ота медбикелері – Лаля Темірғалиқызы, Гүлнұр Асанқызы, Жанна Рамазанқызы, Чолпан Бегімбетова және Бахар Меликқызы;

 

перфузист-меджолдас Рашидин Мухиддинұлы;

 

медбикелер – Еркежан Нұрбақытқызы, Бейбітгүл Болатбекқызы, Нурбуви Усеинқызы, Зәуре Төлепбергенқызы, Мадина Юлдашқызы, Гаухар Захидқызы, Әсел Әділбекқызы және Бибігүл Кемалқызы.


Міне, бүгін осы аталған азаматтарға аналық ақ алғысымды айтқым келеді. Сіздер маған екінші өмір сыйладыңыздар! Рахмет! Әрқайсыңызға жер бетіндегі бар жақсылықты және мықты денсаулық пен қажымас қайрат тілеймін! Ел игілігі жолында жасап жатқан жұмыстарыңыздың жемісін көріңіздер!


Гиппократ антына адал ақ халатты абзал жандар талай науқастың сауығып кетуіне үлкен үлестерін қосып келеді. Қазір де олар жер жүзін жайлаған жұқпалы дерттің күрделілігіне қарамастан тұрғындарымызға тыным таппай қызмет қылып жүр. Тіпті, үйде болған күнде де, отбасын тастап, шұғыл шақыртуларға ойланбастан жетіп барады. Ел басына қандай күн туса да, еңбектен еш қол үзбейтін қастерлі де қасиетті мамандық иелері қандай құрметке де лайық. Қай-қайсысы да астын сызып айрықша атап өтуге лайықты жандар.


Жаңылсын КЕНЖИНА,

емделуші

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости