Астаналық тұрғын оны Facebook-ке жүктеген. Видеодан балалардың қауіпті құрылыс баспалдағымен қалай өрмелеп шыққанын көруге болады.
«8-10 жасар балалар емін-еркін LRT бағандарына шығып жүр. Орманды шауып, аумақты қоршау қажет. Себебі, бір қадам шалыс басылса, әлгілер төмен құлдилай жөнеледі ғой. Оның үстіне, «аға, полицияға апармаңыз» деп алыстан айқайлап қояды. Үйлеріне барсын деп айқай салдым, олар дереу төмен түсіп, кетіп қалды», - дейді бейнежазба иесі Ерлан Амангелдинов.
Айта кетейік, LRT кешенінің бағаналар биіктігі 5,5 метрден жоғары.
«Аталған нысанда күзет бар. Қазір күзетшіге ескерту берілді. Бұл бірінші жағдай емес. Енді нысан аумағына кіруге толықтай тыйым салынады», - деп хабарлады Turan Times тілшісіне City Transportation Systems («Астана LRT») өкілдері.
Еске сала кетсек, бұған дейін Есеп комитетінде LRT құрылысын аяқтамауға шешім қабылданған болатын. Егер компания шығынға ұшыраса, ел қазынасынан қомақты қаржы бөлінуге тиіс болады. Сондай-ақ, болашақта бұл жүйе өзін-өзі ақтамайтыны да айтылды.
Кейін Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов құрылыс жүре ме, жоқ па, бұл мәселе Үкіметте талқыланатынын хабарлады.