Шара «Алматинская мебельная фабрика» ЖШС базасында өтті. Мақсат – жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру, еңбек пен кәсібилік құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ еңбек нарығына бейімделуге мүмкіндік беретін практикалық дағдылармен таныстыру болды.
Іс-шараның шымылдығы модератордың құттықтау сөзімен ашылып, қатысушыларға және арнайы шақырылған қонақтарға таныстырылым жасалды. Шара барысында жиһаз жасау саласындағы заманауи үрдістер, өндіріс технологиялары және кәсіби мүмкіндіктер кеңінен сөз болды.
Негізгі бөлімде қатысушылар үшін арнайы шеберлік сабақ ұйымдастырылып, «Алматинская мебельная фабрика» ЖШС технологы – Халықбергенов Нұрбек Аминович жиһаз өндірісі бойынша сабақ ұйымдастырды. Ол қазіргі заманғы жиһаз жасау технологияларын, қолданылатын материалдар мен құрал-саймандарды таныстырып, өндірістік процестегі қауіпсіздік талаптарына тоқталды.
Шеберлік сабақ соңында қатысушылар кәсіби бағдарлау бойынша ақпарат алды. Мамандық таңдауда нені ескеру қажет, еңбек нарығындағы сұраныс қандай бағытта дамып жатыр деген сұрақтарға нақты жауап берілді.
Қорытынды бөлімде шараға қатысушылар мен спикерлерге алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды. Ашық пікір алмасу, сұрақ-жауап сессиясы арқылы жастар өздеріне қажетті мағлұматтар алып, болашақ мамандықтарына деген сенімін арттырды.