Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын Парламент Мәжілісінде таныстыру барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова хабарлады. Заң жобалары Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдардағы Жолдауларын іске асыру мақсатында әзірленді.
Бұл тәсіл халықаралық стандарт болып табылатынын, оны жетекші реттеушілердің көпшілігі, оның ішінде Еуропалық Одақ, АҚШ, Ұлыбритания енгізгенін атап өткен жөн.
Жүйелік маңызы бар банктер үшін шығындарды сіңіру қабілетінің жеткілікті деңгейін қолдау талабы енгізіледі, бұл төлем қабілетсіздігі туындаған жағдайда, олардың міндеттемелерін капиталға айырбастауға мүмкіндік береді және сыртқы қолдау қажеттілігін азайтады.
Мемлекеттің банктерді қолдауға қатысуы тек шектен тыс шара ретінде жүйелік маңызы бар банктерге қолданылатын болады.
Қаржылық орнықтылық қалпына келгеннен кейін банк жаңа инвесторға сатылады, ал салынған мемлекеттік қаражат бюджетке қайтарылады.
Сондай-ақ, Заң жобаларында мемлекеттік органдардың банктердің қызметін реттеу саласындағы өкілеттіктері айқын ажыратылады. Жүйелік маңызы бар банктерді реттеу кезінде Үкімет пен Ұлттық Банктің құзыреті бекітілді. Агенттіктің құзыретіне қалпына келтіру және реттеу жоспарларының іске асырылуын қадағалау, сондай-ақ дағдарысқа қарсы режимдерді қолдану кіреді. Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес реттеу шараларын қолдану және мемлекеттік қолдау туралы шешімдер қабылдауға жауапты үйлестіруші рөлін атқарады.
Банктер туралы жаңа заң жобасында технологиялық өзгерістер, экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін арттыру, бәсекелестікті күшейту және нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, сондай-ақ қаржылық-технологияларды ілгерілету және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру мәселелері ескеріледі.