Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын Парламент Мәжілісінде таныстыру барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова хабарлады. Заң жобалары Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдардағы Жолдауларын іске асыру мақсатында әзірленді.
Ұсынылған тәсілдер Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі 12 қағидаттарына негізделгенін атап өткен жөн. Аталған стандарттар қаржы саласындағы әлемдік стандарттарды белгілейтін Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңеспен мақұлданған.
Қағидаттар қаржылық қызметтерді реттеудің бүкіл ауқымын, оның ішінде нормативтік базаны қалыптастыруды, тұтынушыларға әділ және тең қарауды, алаяқтықтан қорғауды, дербес деректерді қорғауды және шағымдарды қараудың тиімді тетіктерін құруды қамтиды. Іс-қимылды қадағалауды енгізуді қамтамасыз ету үшін Заң жобасында қаржы өнімдерін басқаруға, толық және шынайы ақпаратты жария етуге, жосықсыз практикаларды болдырмауға, сондай-ақ қаржы ұйымдарының уәкілетті агенттер мен делдалдардың қызметі үшін жауапкершілікті қабылдауға қойылатын талаптар белгіленеді.
Банктер туралы жаңа заң жобасында технологиялық өзгерістер, экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін арттыру, бәсекелестікті күшейту және нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, сондай-ақ қаржылық-технологияларды ілгерілету және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру мәселелері ескеріледі.