Арман Шаққалиев пилоттық жоба алдымен Ақмола және Павлодар облыстарында жүзеге асатынын атап өтті. Жоба шеңберінде мұқтаж азаматтар, яғни, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар азық-түліктерді «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы сатып ала алады. Бұл үшін оларға арнайы цифрлық ваучерлер беріледі. Бұл ваучерлердің иелері азық-түлікті сауда үстемесі қосылмаған арзан күйінде сатып ала алады.
Көмектің бұл түрі кірісі кедейлік шегінен төмен азаматтарға ғана берілетіні атап өтілді. Тетік «eGov Mobile» мобильді қосымшасы негізінде – «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы жүзеге асырылатын болады.
Жүйе бір айлық есептік көрсеткішке (АЕК) сүйене отырып, отбасының әрбір мүшесі үшін азық-түлік ваучерін автоматты түрде қалыптастырады. Ваучерді жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп анықталатын серіктес дүкендерден жеңілдіктер алу үшін пайдалануға болады. Сәтті сынақтан өткен жағдайда жоба бүкіл елге таратылады.