Үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес эндаумент қорлары университеттерге ғылыми зерттеулер жүргізуге және ҒЗТКЖ-ға жеке инвестицияларды тартуға қолдау көрсетудің негізгі элементтерінің біріне айналуға тиіс. Заңды әзірлеу кезінде эндаумент-қордың үздік тәжірибесі бар елдердің тәжірибесі ескерілді. Ең сәттісі ретінде америкалық эндаумент қорларының үлгісі негізге алынды. Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты. Оның хабарлауынша, АҚШ-тағы эндаумент қорлар америкалық университеттердің тұрақтылығы мен әлемдегі көшбасшылығының іргетасына айналды. 2023 жылы америкалдық колледждер мен университеттердің қорларында жинақталған қаражаттың жалпы сомасы 839 млрд долларды, ал қордың орташа мөлшері 1 млрд долларды құрайды.
Эндаумент қорының құрылымы барлық коммерциялық емес ұйым үшін стандартты болып табылады. Құрылтайшылар қамқоршылық кеңестің бірінші құрамын іріктеп, оған жоғарғы басқару органының барлық өкілеттіктерін толығымен жүктеп береді, оның ішінде оның құрамындағы болашақ өзгерістерді бекіту, атқарушы органды анықтау, инвестициялық және шығыс саясатын қабылдау сынды тетіктер бар.
Қамқоршылық кеңес қоғамға еңбек сіңірген, абыройлы және жоғары беделі бар азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерінен құрылады.

