Өткен аптада Құрық портында орын алған айтулы оқиғада Саржа терминалының айлағынан құрғақ жүк таситын жаңа кеменің тұсауы кесілді.
Бірлескен қазақ-араб кеме кәсіпорны басқаратын бұл су көлігі қазақстандық мемлекет және қоғам қайраткері Нәсіпқали Марабаевтың құрметіне аталды.
Жалпы, кешегі апта Құрық партымен қатар Ақтау теңіз сауда портының тарихында да елеулі оқиғалармен есте қалды. Портқа Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің және көлік пен энергетика саласындағы консультациялық қызметтерге маманданған CPCS Transcom Limited инфрақұрылым жөніндегі канадалық консалтингтік компанияның өкілдері келді. Порттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, CPCS Transcom Ltd бұдан әрі инвестициялау үшін Орталық Азиядағы трансшекаралық қосылу жобаларын анықтау және олардың қаржылық тартымдылығын егжей-тегжейлі бағалау үшін Қазақстанды қоса алғанда, іске асыру туралы мәселені қарау мақсатында зерттеулер жүргізеді. Басым жобалар қатарында Каспий теңізі деңгейінің төмендеу салдарын жеңілдету үшін Қазақстанның порттарында жоспарланған түбін тереңдету жұмыстары бар.
Сонымен қатар Литвадағы Клайпеда портының делегациясы да Ақтау портында болып, қызметімен танысты. Айта кетсек, Клайпеда Балтық жағалауындағы ең үлкен терең теңіз порты және жылына 70 миллион тонна жинақталған 33 порт терминалын қамтитын порт.