Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов салық-бюджет жүйесін сауықтыруға және экономиканың өсуіне бағытталған бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды Primeminister.kz мәліметінше, Премьер-министр жекелеген оң нәтижелерге қарамастан, қазіргі экономикалық өсу қарқыны баяу екенін атап өтті. Елдің өнеркәсіптік әлеуетін толық көлемде іске асыру және келешегі бар жобалар санын арттыру үшін қомақты инвестициялық капитал жасақтап алу қажет. Алайда, бұған «даму бюджетінің» жеткіліксіз көлемі кедергі келтіреді: дамыған елдерде ол мемлекеттің барлық шығыстарының 25%-на, Қазақстанда – 8%-ға жетеді. Бүгінгі таңда 26 трлн теңгеге жуық республикалық бюджеттің небәрі 2 трлн теңгесі ғана дамуға жұмсалады. Қалғанының барлығы – ауқымды бөлігін әлеуметтік шығыстар құрайтын ағымдағы бюджет.
Нәтижесінде экономикалық дамудың негізі саналатын электр және жылу энергетикасы, су шаруашылығы, газ тасымалдау жүйелері, жол, инженерлік желілер және инфрақұрылым салаларына жеткілікті қаражат бөлінбей келеді. Даму институттары да қаржыландырумен толық қамтамасыз етілмей отыр. Мұндай жағдайда ЖІӨ өсімінің жоғары қарқынын тұрақты қамтамасыз ету өте қиын.
Осыған байланысты салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыру қажет. Қазіргі салық жүйесі мемлекетке қажетті инвестиция көлемін қамтамасыз ете алмайды, сондай-ақ ол кәсіпкерлерге қатысты әділетсіз салық жүйесі ретінде қалыптасып отыр. Негізгі салық жүктемесі еңбекақы төлеу қорына, яғни, тауардың өзіндік құнына түседі. Кәсіпкер тауар сөреге түспей тұрып, салықтың ауқымды бөлігін төлеуге мәжбүр болады.
Қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін Үкімет салықты еңбекақыдан сатылымға қайта бөлуді қолдап отыр. Ол үшін әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы төлемдерін бір мезгілде төмендете отырып, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру қажет. Бұл отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олар үшін қажетті қаржылық қор жасақтауға жол ашады. Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеменің азаюы бизнеске жұмысшылардың жалақысын көбейтуге мүмкіндік береді. Қосымша салық түсімдері экономикалық өсуді ынталандыруға, инфрақұрылымды озыңқы дамытуға, басым салалардағы келешегі зор бизнес-жобаларды қолдауға бағытталады. Ұлттық қор қаражаты тек ірі инфрақұрылымдық жобаларды салу үшін ғана сұралады.
Сонымен қатар мемлекеттік шығыстар тиімділігі арттырылып, бюджет тәртібі нығайтылады.
Субсидиялау шығындары барлық салада тоқтаусыз өсіп барады. Оның үстіне олардың нақты әсері есепке алынбайды әрі мемлекеттік органдардың тарапынан бақылау да әлсіз. Субсидия алу кейбір компаниялардың бизнес-моделінің бір бөлігіне айналды. Соңғы 3 жылда жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге 770 жобаның сметалық құны қымбаттаған. Әрине, оның объективті тұстарымен бірге, күмәнді жақтары да бар.
Республикалық және жергілікті бюджет шығыстарының жартысынан көбі – 18 трлн теңгеден астам сома әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Ал, бұл шығындардың тиімділігіне қатысты үлкен сұрақтар бар. 9 орталық және барлық жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік шығыстардың әкімшілері болып табылады. Бұл осы шығыстардың бөлшектеніп және оған бақылаудың босаңсып кетуіне алып келеді.
Цифрлық құралдардың пайдаланылуымен әлеуметтік мақсаттарға жұмсалатын бюджет қаржысын бақылау күшейтілді. Пилоттық режимде Тараз, Шымкент, Түркістан және Орал қалаларында балабақшаларды қаржыландырудың ашық цифрлық тетігі енгізілді. Бұл жалған мәліметтерді алып тастау есебінен 4 қаланың өзінде ғана 20 млрд теңгеден астам қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазір бұл тәжірибе елордада енгізілуде, биылғы жылдың соңына дейін бүкіл ел аумағына таратылатын болады.
«Әлеуметтік әмиян» да атаулы мемлекеттік қолдауды күшейту құралына айналуда. Сол арқылы балалардың тамақтануы мен мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек алу үшін ақы төлене бастады. Бақылауды күшейту мақсатында тегін берілетін дәрі-дәрмектерді таңбалау аяқталды.
Пилоттық режимде «ақшаны бояу» функционалы бар «цифрлық теңге» енгізілді. Ол түпкі алушыға дейінгі барлық шығындардың тізбегін бақылауға мүмкіндік береді. Ағымдағы сипаттағы мемлекеттік аппараттың шығыстары жалпы сомасы 410 млрд теңгеге қысқартылды.