2023 жылы 672 мың тонна өсімдік майы өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3%-ға артық. Ішкі тұтынуды отандық өндірістің қамтамасыз ету деңгейі 183% құрайды. ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова ОКҚ алаңында осылай деді.
Қазіргі уақытта қант өндіру төрт жұмыс істеп тұрған қант зауытында жүзеге асырылады, олар 2023 жылы ішкі нарықтың сұранысын (507 мың тонна) 44%-ға қамтамасыз етті, оның ішінде отандық шикізат есебінен – 13%. Қантқа жоғары импорттық тәуелділік мәселесін шешу үшін министрлік көптеген жұмыстар атқарып жатыр.
«Соның ішінде қант қызылшасын өсіруге арналған ауылшаруашылық техникасын сатып алуға субсидия мөлшері 25%-дан 50%-ға дейін, қант қызылшасын қайта өңдеуге берілген субсидиялау нормативі 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін көтерілген болатын. Жалпы, отандық өндірістің импортқа тәуелділігін ескере отырып, біз 300 мың тонна қант құрағын баж салығын төлемей, ішкі нарыққа әкелу бойынша Еуразиялық одақ шеңберінде келісіміміз бар», – деді спикер.
Жоғарыда аталған ынталандыру шараларының арқасында биыл егіс алқаптары 25 мың гектарға дейін кеңейтілді, әр гектардан алынатын өнімділік 436 тоннаға дейін жеткізілді. Нәтижесінде 1,2 млн тонна жуық қант қызылшасын жинау жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда қант қызылшасын өңдеумен 3 зауыт айналысады: Мерке, Ақсу, Көксу. Қант қызылшасын қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 635 мың тонна қант қызылшасы қабылданды. Олардың ішінде Көксу зауыты 384 мың тонна, Ақсу 229 мың тонна, Мерке 222 мың тонна өнім қабылдады. Биылғы күтілетін қант қызылшасы көлемінен 120 мың тонна қызылша қантын өндіру жоспарлануда.
Зауыттардың айналым қаражатын толықтырып, шаруалардан қант қызылшасын сатып алуға 25,8 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Одан бөлек, 25,6 млрд теңге бөлу қарастырылуда.