RSS лента

Ұшақ билеті арзандай ма?

  • 30.05.2023, 21:15,
  • 246
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ortcom.kz

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтық авиация саласын одан әрі дамыту шаралары қаралды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 2022 жылы отандық әуе компаниялары тасымалдаған жолаушылар саны 17%-ға өсіп, 11 млн адамды құрағанын хабарлады. Оң үрдіс биыл да жалғасын табуда. Сонымен бірге әуе транзиті де қарқынды дамып келеді. Мәселен, 2022 жылы 410 мың рейске қызмет көрсетілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 90%-ға жоғары.

 

Бүгінгі таңда республикада аптасына 56 бағыт бойынша 700-ден астам ішкі рейс орындалады, 103 бағыт бойынша 27 елге халықаралық әуе тасымалдары қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге биыл тағы 9 бағыт қосылады: Доха, Куала-Лумпур, Анкара, Карачи, Лахор, Жидда, Маскат, Прага және Тель-Авив. 2025 жылға дейін Мумбай, Гонконг, Вена, Токио, Сингапур, Нью-Йорк және басқа да қалаларға әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр. Қазақстанда ұшу қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 82%-ды құрайды. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Республика Еуропалық Одақтың Дания, Польша сияқты елдерімен бір деңгейде тұр.

 

2023 жылы Шымкент, Алматы, Қызылорда және Қостанай әуежайларын жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын, Балқаш әуежайының перронын қайта жаңарту мәселесі пысықталып жатыр.

 

Саланы одан әрі дамыту жоспарында ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейін 90%-ға дейін арттыру, әуежайлардың барлық терминалдарын реконструкциялау, Шымкент және Алматы әуежайларында жаңа терминалдар құрылысын аяқтау және т. б. қамтылған.

 

Сондай-ақ отырыста Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду мен авиация нарығының ірі қатысушыларының жетекшілері: Air Astana компаниясының президенті Питер Фостер және SCAT әуекомпаниясының президенті Владимир Денисов баяндама жасады.

 

Премьер-Министр пандемиядан кейін еліміздің азаматтық авиациясы дамудың жаңа кезеңіне өтіп, жолаушылар саны артып, бұрынғы рейстер қалпына келе бастағанын, жаңа бағыттар ашылып жатқанын айтып өтті.

 

Халықаралық маршруттарды кеңейту басқа елдермен сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді. Бұл ретте Үкімет басшысы авиация саласындағы күрмеуі шешілмеген бірқатар проблемаларды атап өтті.

 

    «Еліміздің кейбір әуежайларында ұшу-қону жолақтарына жөндеу жүргізу керек. Траптар мен жанармай құю машиналары сияқты арнайы техникалардың көбі ескірген. Әуежайлардың айналасындағы жерлер тұрғын үй құрылысына немесе бизнес нысандарына беріліп, ретсіз пайдаланылуда. Яғни, халықаралық стандарттар сақталмайды. Бұл ұшу қауіпсіздігіне әсер етеді», — деді Әлихан Смайылов.

 

Оның айтуынша, Үкіметте авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесі бірнеше рет талқыланған, себебі отандық жанармайдың жеткілікті қоры Қазақстан арқылы транзитпен өтетін халықаралық авиакомпанияларды тартудың негізгі факторларының бірі.

 

Сондай-ақ Премьер-Министр отандық авиакомпанияларға қатысты жолаушылар тарапынан орынды сын-ескертулер айтылатынын атап өтті. Мәселен, рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағымдар көп.

 

    «Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында Fly Arystan компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуы тиіс рейстердің жартысына жуығын орындаған жоқ. 25 ақпанда дәл осы авиакомпанияның жолаушылары «Астана-Шымкент» рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында, ол рейс мүлдем орындалмай қалды. Өкінішке қарай, авиакомпанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Рейстердің кешігу себептерін уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

 

Оның айтуынша, осыдан барып, баға саясатында да көптеген сұрақтар туындайды. Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін. Осыған байланысты бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, авиакомпаниялардың табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр деп санайды.

 

    «Бүгінде жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуы тиіс. Алайда, ол билет бағасында өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отыр. Сондықтан, баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек. Жолаушылардың мүддесі бірінші орында тұруы тиіс», — деді Премьер-Министр.

 

Әлихан Смайылов уәкілетті мемлекеттік органдарға әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жол карталарын әзірлеуді, әуежайлардың маңындағы заңсыз берілген жер учаскелерін алып қою жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.

 

Қорытындылай келе, ол халықаралық жолаушылар және жүк авиакомпанияларын тарту үшін ынталандыру шараларын әзірлеу, динамикалық баға белгілеуді қолдану мәселесін пысықтау қажет екенін, бұл жоғары сұранысты тек кіріс көзіне айналдыру мүмкіндігін шектеу үшін керектігін айтып өтті. Сондай-ақ «Әуе кеңістігін пайдалану туралы» Заңнан отын алымын қолдануды алып тастауды жеделдету қажеттігін атап өтті.


ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев ОКҚ-да өткен азаматтық авиацияны дамыту және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы брифинг барысында Қазақстанның ішкі нарығындағы авиаотын тапшылығы туралы айтты.

 

    «Қазақстанда жылына 650 мың тонна авиаотын өндіріледі, қазіргі уақытта артып келе жатқан қажеттілік миллион тоннаны құрайды. Тиісінше, отынның бір бөлігі делдалдардың үстеме шығындарын ескере отырып, шетелден жоғары бағамен импортталады», – деді Талғат Ластаев.

 

Оның айтуынша, бұл фактор елдің авиациясын дамыту мен жаңа бағыттарды ашуда айтарлықтай шектейді.

 

    «Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Энергетика министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Ең алдымен, отандық авиаотын өндірісін ұлғайту, сондай-ақ жаңа стандарттарды қолдану қажет. Егер біз КО-1 отынын қолданатын болсақ, онда алдымен пилоттық режимде, содан кейін толық режимде Джет А-1 (Jet А-1) стандартына көшу, отынның биржалық саудасын дамыту, сондай-ақ әуе компанияларын делдалдарсыз тікелей қамтамасыз ететін ірі отын өндірушілерді тарту қажет», - деді Азаматтық авиация комитетінің басшысы.


Азаматтық авиацияны дамыту және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев саладағы елімізде білікті ұшқыш мамандарды дайындау мәселесі қалай шешілметіні туралы айтып берді.

 

Комитет төрағасы бүгінгі таңда Қазақстанда ұшқыштарды тек бір ғана оқу орны –  Алматыдағы Азаматтық авиация академиясы дайындайтынын айтты.

 

    «Академияның деңгейін көтеріп, еуропалық стандарттарға сәйкес келтіруді жоспарлап отырмыз. Сол арқылы тек Қазақстанға емес, бүкіл Орталық Азияға авиация саласына білікті, білімді мамандарды дайындау үшін сондай өзгерістер қарастырылуда», – деді комитет төрағасы.

 

Қытаймен визасыз режимнің енгізілуіне орай туристердің ағымының артуына байланысты ұшу рейстерінің саны артады.

 

    «Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режим жуырда күшіне кіреді. «Астана-Сиань» деген бағыт ашылды. Бұрыннан келе жатқан Пекин, Үрімші бағыттары бар», – деп нақтылады ол.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости