– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біраз маңызды мәселелерді атап өтті, – дейді ол. – Көп дүниені көңілге түйдік. Әсіресе, қымбатшылық мәселесіне қатысты айтылған Президенттің сыны орынды. Үкімет қазір оның салдарына көңіл бөлгенімен, нақты себептерімен күресіп жатқан жоқ. Азық-түлік бағаларының тұрақтылығы қарапайым халық үшін маңызды. Тұрақтандыру қорлары пандемия кезінде өздерін жақсы көрсетті, қысқа мерзімде өз міндеттерін шешті, бірақ қазір біз олардың көлемі ақшалай түрде өсіп келе жатқанын, ал әсері аз екенін байқап отырмыз.
Ал қазір қолданылып жүрген тетік – дәлірек айтқанда, бөлшек сауда желілерінде саудагерлерге қаражатты бөлу арқылы бағаны ұстау – енді өміршең емес. Сондықтан дүкендер мен супермаркет желілеріне барып, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдеріне 15%-дан артық қоспауға шақырудан пайда жоқ. Яғни әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыстарды қолға алған жөн. Қазір фермерлер қиын жағдайда, сондықтан Президент бөлшек сауда орындарына қарағанда фермерлерге тікелей қаржылай қолдау берген дұрыс деп орынды айтты.
Сондай-ақ, бағаның өсуіне әсер ететін делдалдар өте көп, олардың жұмысын ретке келтіру қажет. Пандемия кезінде тұрақтандыру қоры өз жемісін бергенін жоққа шығара алмаймыз. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың тізімі айқындалып, жергілікті әкімдіктер мен супермаркеттер арасында келісім жасалды. Яғни, тауарлардың бағасын өсірмейді, тиісінше әкімдік сол қордың есебінен қайтарып береді. Бұл белгілі бір дәрежеде жемісін берді деп айтуға негіз бар. Бірақ соңғы уақытта тұрақтандыру қоры үкіметтен көп қаражат сұрай бастады. Яғни, бағаны тұрақтандыру үшін қорға қаражат әлі де жеткіліксіз көрінеді.
Өкініштісі сол, сонда да әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы арзандайтын емес, керісінше өсіп жатыр. Демек, бұл жерде белгілі бір дәрежеде нақты бір схемалар пайда болды. Яғни сол қаражатты талан-таражға салатын азаматтар пайда болды деген сөз. Президенттің айтып отырған ойы, міне, осы.
Менің ойымша, тұрақтандыру қорын толығымен жауып тастаудың қажеті жоқ. Бірақ та оны біртіндеп қайтару қажет. Өйткені, ол қазір тактикалық бағытта өз үлесін қосып отыр.Мәселеге нүкте қою үшін ұзақ мерзімге нақты шаруалармен, ауыл шаруашылық мамандарымен сөйлесіп, олардың нақты мәселелерін білу керек. Қазір тұқымның бағасы шарықтап кеткен. Сапалы тұқымдарды жеткізіп беруді қамтамасыз ету керек. Шаруаларға төмендетілген несиелер мен техникаларды жеткізіп беру керек. Егер осы мәселелер жүзеге асырылса, онда бағалардың тұрақтылығына ықпал етуге болады.