Кәсіпорын сусымалы, ірі габаритті, сұйық, жартылай сұйық және өнеркәсіптік, тағысын тағы әртүрлі жүктерді тасымалдауға арналған жүк вагондары мен мұнай өнімдеріне арналған цистерналар және үш осьті тіркеме платформалар шығаруға маманданған.
«Вагон-доңғалақ-жинақтау шеберханасы» (ВДШ-Атырау) ЖШС директоры Олег Новиковтың айтуынша, бұл Атырау облысында доңғалақ жұптарын қалыптастыру мен жүк вагондарының доңғалақ жұптарын күрделі жөндеуден өткізудің толық циклын автоматтандырылған түрде жүзеге асыратын алғашқы доңғалақ-жинақтау шеберханасы. Ең заманауи стандарттар бойынша жабдықталған шеберхананың жоспарланған өндірістік қуаттылығы – жылына 10 000 доңғалақ жұбын шығару. 2025 жылғы мамыр айында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның құзыретті комиссиясы ревизиялық құрылым және вагон шаруашылығы саласының мамандарымен бірге өндірісті кешенді тексерістен өткізген. Нәтижесінде, ВДШ-ның нормативтік-техникалық талаптарға толық сәйкестігі расталып, РУ1-РУ1Ш, РВ2Ш типті доңғалақ жұптарына ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жүргізу, сондай-ақ жаңа доңғалақ жұптарын жасау үшін «3038» шартты нөмірі берілді.
Шеберханада құрастыру цехы, доңғалақ-ролик, токарьлық, престеу, т.б. цехтар бар, толықтай автоматтандырылған. Мамыр айынан бастап техникалық сипатта жұмыс жасап жатқан цехта 500-дей доңғалақ жұптары жөнделген. Шеберханадан шыққан доңғалақтарға 5 жыл кепілдік беріледі. Бүгінгі таңда бұл кәсіпорында теміржол саласында үлкен тәжірибесі бар 80-ге жуық маман жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, Атырау вагон құрастыру зауыты (АВҚЗ) және «Махамбет» өнеркәсіптік-өндірістік кешені – ауыр машина жасау саласындағы ауқымды индустриялық жобаның бір бөлігі.