Қол қойылған мәміленің арқасында талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасын іске асыру жоспардан бір жыл ерте – 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал шалғай аудандардағы байланыс 2027 жылдың соңына дейін жерсеріктік байланыс арналарымен қамтамасыз етілмек. Ведомствоның баспасөз қызетінің мәліметінше, жоба 2027 жылдың соңына қарай елдегі ауылдардың 99%-ын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Енді таяу арада мектеп, аурухана, әкімшілік ғимарат, бюджеттік ұйымдар, сондай-ақ қоғамдық кіру нүктелері мен мемлекеттік шекаралардағы 40-тан астам өткізу бекеттері желіге қол жеткізе алады. Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық (88%) және жерсеріктік арналар (12%) арқылы желіге қосады.
Жобаға құйылған инвестициялардың жалпы көлемі 239 млрд теңгеден асады – бюджеттен тыс қаражат. Бұл «Қазақтелеком» АҚ ірі телекоммуникациялық инфрақұрылымын пайдаланудың арқасында мүмкін болды.
Сондай-ақ, ауылдық жерлерде ұялы байланыс базалық станциялары үшін инфрақұрылым күшейтілмек. Бұл нысандарға дейін жеткізіп талшықты-оптикалық желіні төсеу мобильді интернет пен байланыстың сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, ең бастысы – білім алу, өзін-өзі дамыту мен заманауи технологияларды пайдалануда ауылдағы бала мен қаладағы баланың мүмкіндіктері тең дәрежеде болуға тиіс.