Атырауда жаға ұстатқан қылмыс орын алды
- 30.04.2025, 16:41,
- 160
- 0
- Автор:
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Желіде Атырау қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінен әйел адамның денесі табылғаны туралы ақпарат желдей есті, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.
Біз мәселенің мән-жайын білмек болып құқық қорғау органдарына хабарластық.
"Аталған факті бойынша адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды" деп жауап берді біздің сауалға облыстық полиция департаментіндегілер.
Атыраулықтардың жағасын ұстатқан қылмысқа қатысты облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде 1979 жылы туған әйелдің өз пәтерінде өлтірілуіне байланысты күдікке ілінген 1987 жылы туған азамат «ізін суытпай» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктіден заттай дәлелдемелер алынды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі – «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта кешенді тергеу амалдары жүргізілуде.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. Әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және жалған мәлімет таратудан бас тартуға шақырамыз" дейді департамент мамандары.