RSS лента

Желге ұшқан миллиондар-ай.!..

  • 31.10.2023, 23:32,
  • 452
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Мұнайлы астанада төрт жыл бұрын пайда болған жабық аялдамалардың күйі қашқан, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Қыста жылытып, жазда салқындатуға арналған жабық типтегі 22 аялдаманың әрқайсысы кезінде 12 миллион теңгеге сатып алынған болатын. Енді оларда жылыту жүйесі іске қосылмаған, бейнебақылау камералары бұзылған және әйшнектері сынған. Оның үстіне, көбісін үйсіз-күйсіз жүрген азаматтар бүлдіріп, «қораға» айналдырып жіберген.

 

«Былтыр қыста кейбірінің іші жылы, кейбірі суық болды. Ал, жазда салқындатқыш жұмыс жасамады. Енді биыл қыста жылыту керек қой. Оны былай қойғанда, кейбірі мүлде жабық тұрады, ішіне ешкімді кіргізбейді» дейді қала тұрғыны Жадыра Абдол.

 

Осындай мәселелерге орай қалалық полицейлерге мыңнан аса арыз-шағым түсіпті.

 

«Аялдамаларды бүлдіретіндерге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 440-бабымен хаттама толтырылып, 5 және қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Іс сотқа жолданып, 5-10 тәулікке дейін қамаққа алу шарасы да қарастырылған. Аялдаманың ішіндегі камера істемесе де, көшедегі «сергек» камералары арқылы да кінәлілер оңай анықталады» дейді жергілікті полиция бөлімі басшысының орынбасары Жеңіс Бозаев.

 

Ал, «109» бірыңғай байланыс орталығына елуден аса шағым түскен екен.

 

«Біздің орталық мамандары қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен «Арнаулы автобаза» мекемесімен байланысып, нақты жауап алады. Кейін мәселенің шешілгені жөнінде фото-есеп жолданады» дейді аталған орталық басшысы Ақмарал Батырханова.

 

Ал, тағы бір қала тұрғыны Сәуле Мағауқызының айтуынша, атыраулықтарға жабық аялдамалардың қажеті шамалы.

 

«Мұндай қымбат аялдамаларға қыруар қаржы жұмсағанша, оның орнына автобустардың жүру барысын жиілетсе екен. Себебі, жабық павильонды сатып алу мен оны күтіп-ұстау қып-қызыл шығынға батырады. Ал, автобустар жиі жүрсе, тұрғындар да оларды күтіп тоңып тұрмайды» дейді ол.

 

Қазір 22 аялдаманың бәрін де «Арнаулы атвобаза» мекемесі күтіп-ұстайды. Себебі, мұндай нысандарды кәсіпкерлердің сенімгерлік басқаруына беру тәжірибесі Атырауда әзірге өз жемісін бермей келеді.  

 

Айтпақшы, бөтеннің мүлкін ұқыпты пайдаланғысы келмейтін тұрғындар да бар екен.

 

«Аялдамалар таңғы сағат жетіде ашылып, түнгі он бірде жабылады. Әрбір арыз бойынша жұмыс жасап, уақытында жауап беріп отырмыз. Осы орайда, тұрғындардан да кінә барын жасырмау керек. Олардың кейбірі салқындатқыштың бөлшектерін алып кетеді, тоқ желісін жұлып тастайды және басқа да ыңғайсыздықтар тудырып жатады» дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бақтияр Хамидуллаев. 

 

Тағы бір жаңалық, алдағы уақытта жабық аялдамалар басқада  көшелерде пайда болуы мүмкін. Бірақ, бұған қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімі жауапты болады.

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости