Әлеуметтік желілерде балалар арасында танымал кәмпиттерге ДНҚ-ны зақымдайтын қауіпті зат қосатыны туралы ақпарат тарады. Бұл не? Кәмпиттердің соншалықты қауіпті екендігі рас па? Бұл сауалдарға stopfake.kz жауап берді.
Хабарламада титан диоксиді туралы айтылады. Нақ осы зат генетикалық мутацияға себеп болады екен.
Сонымен қатар титан диоксиді E-171 тағамдық қоспасы ретінде де белгілі және ақ түс беру үшін қолданылады. Ол сағыз, дайын крем, косметикалық өнімдер, тіс пастасының және т.б. құрамында болады. Тамақ және жеңіл өнеркәсіптің басқа салаларында титан диоксиді суда ерімейтін ұнтақ түрінде қолданылады.
2022 жылдың басында титан диоксидін Еуропа елдерінде тағамдық қоспа ретінде пайдалануға тыйым салынды. Бұл шешім титан диоксиді нанобөлшектерінің ағзада жиналып, денсаулыққа теріс әсер етуі мүмкін деген зерттеулерге байланысты қабылданды.
Сонымен қатар басқа елдерде, мысалы, АҚШ-та әртүрлі өнімдердің қауіпсіздігін бағалайтын комиссиялар тамақ өнеркәсібінде титан диоксидін пайдалануға тыйым салуға негіз жеткіліксіз болды. Жоғарыда аталған зерттеулер титан диоксидіне емес, оның нанобөлшектеріне ғана қатысты болды. Олар тамақ өнеркәсібінде қолданылмайды. Сонымен қатар бірде-бір зерттеуде Е171 қоспасы ДНҚ-ға әсер етуі мүмкін деп нақты жазылмаған.
2022 жылдың қазан айында жарияланған осы тақырыптағы ғылыми зерттеулерге шолу титан диоксидінің уыттылығы туралы тікелей және сөзсіз дәлелдер жоқ екенін көрсетті. Онда заттың ДНҚ-ға әсері туралы гипотезаны қолдайтын барлық зерттеулерде реактивті оттегінің жоғары деңгейінде немесе жасушалық уыттылықтың басқа факторларында ғана болған хромосомалардың зақымдануы сипатталғаны айтылған. Яғни, ДНҚ зақымдануына титан диоксиді емес, басқа заттар себеп болуы мүмкін.
Демек, титан диоксидінің ДНҚ-ға әсері – бұлтартпас дәлелі жоқ болжам. Сонымен қатар, бұл ретте әдетте тамақ өнеркәсібінде қолданылмайтын титан диоксидінің нанобөлшектері туралы айтылып отыр. Осы тақырыптағы ғылыми зерттеулерге шолу заттың хромосомалық мутацияларды тудыру қабілетін растамайды. Әлемнің көптеген елдерінде титан диоксиді қауіпсіз тағамдық қоспалар болып саналады және қолдануға рұқсат етілген.