RSS лента

Аккумулятор лифтте жарылуы мүмкін бе? (+видео)

  • 14.05.2025, 18:33,
  • 103
  • 0
  • Автор:
Автор фото: бейнежазбадан скриншот

Қазақстандықтар WhatsApp-та таратқан видеода ер адам аккумулятормен лифтке кірген кезде жарылыс болып, өрт шыққаны көрсетілген. Өрттің шығуына лифтте пайда болатын магнит өрісі себеп болған екен. Хабарлама авторы көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарының хабардарлығын арттыру үшін бейнероликті таратуға шақырады. Бұл рас па, оны stopfake.kz анықтап көрді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Ролик алғаш рет 2024 жылы жазда таралған. Видеода Қытайдың Гуанчжоу қаласының тұрғыны көрсетілген. Ол лифтте литий батареясының жануы салдарына қайтыс болған. Оқыс оқиғаның себептерін шағын электр көлігіне қызмет көрсету жөніндегі кәсіби электрик-маман Денис Никитин қазақстандық Tengrinews басылымына айтып берді.


Оның пікірінше, ер адам аккумуляторды оқиғаға дейін бірер уақыт бұрын қуаттаған. Бұл литий-полимерлі аккумулятор болар – олардың жарылу қаупі бар. 18650 және 21700 стандарттарындағы литий-ионды аккумуляторлармен әдетте жарылмайды. Ер адам құрылғыны дұрыс жөндемеген немесе жарамсыз қуаттау құралын пайдаланған. Не болмаса, аккумуляторды тым жоғары токпен қуаттаған, бұл өте қауіпті және бұған жол беруге болмайды.


Егер бұл литий-ионды аккумулятор болса, онда олар белгілі бір жағдайларда қауіпті. Механикалық зақымдану, қызып кету, қысқа тұйықталу немесе зауыттық ақау салдарынан тұтану немесе жарылыс орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайларда термиялық үдеу процесі жүреді. Бұл ретте аккумулятор ішіндегі химиялық реакциялар бақылауға жатпайды. Бұл температура мен қысымның тез көтерілуіне әкеледі, соның салдарынан өрт немесе жарылыс болуы ықтимал. Тәуекел факторларына аккумуляторды соғып алу немесе құлату, сапасыз немесе жарамсыз батареяларды пайдалану, температураның жоғарылауы, дұрыс қуаттамау және жарамайтын қуаттау құралдарын қолдану жатады.


Теориялық тұрғыдан алғанда, аккумулятордың кез келген түрі жарылуы мүмкін. Бірақ литий-ионды аккумуляторлар ең осал болып саналады, өйткені олардың энергия тығыздығы жоғары, ал литийдің өзі химиялық белсенді металл. Сенімді өндірушілер мұндай батареяларды қызып кету және қысқа тұйықталу қаупін азайтатын қорғаныс жүйелерімен жабдықтайды. Аккумуляторлардың басқа, мысалы, қорғасын қышқылды түрлері, сирек тұтанады, бірақ дұрыс пайдаланбаса, олар да қауіпті.


Лифтте электромагниттік сәулелену (ЭМС) бар ма? Бар, бірақ өте төмен деңгейде. ЭМС негізгі көздері – электр қозғалтқышы, кабельдер, жарықтандыру.


Қазіргі лифттерде көбінесе жиілікпен басқарылатын (инвертор) электр қозғалтқыштары пайдаланылады, олар төмен және жоғары жиіліктер арасында электромагниттік кедергілер тудырады.


Лифт шахтасы мен кабинасының ішінде ток өтетін қуат және басқару кабельдері бар. Бұл да электромагниттік сәулеленудің көзі.

Жарықдиодты жарықтандыру, дисплейлер, жарықтандырылған түймелер және басқару жүйесі де радиожиілік диапазонында ЭМС шығарады, бірақ өте төмен деңгейде.


Электромагниттік сәулеленудің тағы бір көзі – ұялы телефондар. Лифттің металл кабинасының ішінде базалық станциядан жіберілген сигнал айтарлықтай азаяды, бұл құрылғы автоматты түрде жоғары қуат режиміне ауысады. Бұл  жергілікті жерде радиацияның күшеюіне әкеледі.


Лифттің металл корпусы электромагниттік толқындардан толығымен қорғайды, олардың ішке және сыртқа өтуін айтарлықтай шектейді.


Физика тұрғысынан айтар болсақ, ішінде аккумулятор болса да, лифт «магниттік батареяға» айналмайды. Ал өрттің шығуына нақты себептер бар. Лифт – жаман желдетілетін жабық кеңістік, онда жана бастаған аккумулятордың жылуы тез жиналып, өртті күшейтеді.


Сонымен қатар, түтін мен улы газдар сыртқа шықпайды, сондықтан кабина тез толады. Мұндай орта өрттің әсерін күшейтіп, қысымның жоғарылауына байланысты шағын жарылыс әсерін тудырады.


Демек, лифт аккумулятордың жарылуына әкелетіндей «магнит өрісін тудыра алмайды». Бұл миф. Мұндай тұжырымдардың ғылыми негізі жоқ. Нақты қауіп лифпен емес, аккумулятордың өзімен байланысты: оның сапасымен, техникалық жағдайымен және пайдалану шарттарымен.


Лифт – бұл нашар желдетілетін жабық кеңістік, сондықтан жанған кезде жылу мен түтін тез жиналып, оның әсері күшейеді, бірақ бұл оқиғаның себебі емес.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости