Расымен де, солай ма? Сонымен, судың аяқ астынан үзілуіне не себеп болуы мүмкін? Мамандардың сөзінше, шәуіш бұл сирек кездесетін, болжауға келмейтін құбылыс және сумен қамтуда үлкен проблемалар тудырады екен. Ал, әзірге шаһарда коммуналдық қызмет өкілдері мәселені тез шешу бағытында жұмыстанып жатыр.
Мамандардың мәліметіне сүйенсек, сумен қамтуда қиындықтар туғызып отырған шәуіш – өзен мен су қоймаларында пайда болатын мұздықтар екен. Бұл – сирек кездесетін құбылыстардың бірі.
Ұсақ мұз кристалдары мен қатып қалған қар бөлшектерінен шәуіш пайда болады. Яғни, өзенде мұздан бұрын шәуіш тұрады. Екіншіден, шәуіш алғашқы аяздарда қалыптасады. Әсіресе, ағынның ағысы қатты болса, шәуіш тез пайда болады. Ең қиыны, шәуіш сумен қамту жұмыстарына қатты әсер етеді. Себебі, ұсақ мұз кристалдары су құбырларын жарамсыз күйге түсіреді. Сондай-ақ, шәуіштің салдарынан судағы оттегі де азайып, ондағы жануарлардың өміріне де нұқсан келеді.
Тағы бір қиындығы, шәуішті алдын ала болжау мүмкін емес. Оның пайда болуы ауа райы жағдайы, температура, өзен ағысы мен басқа да факторларға тәуелді.
Ал, «Атырау облысы Су Арнасының» өкілі Борис Пенкинннің айтуынша, шәуіштің қазіргідей қалың түрі 20 жылдан бері алғаш анықталып отыр.
«Жыл сайын қыс басында өзенде шәуіш қатқан кезде кәсіпорын қызметкерлері тығырықтан шығып жүрді. Ал, биыл Жайықтың деңгейі күрт төмендеп кетті. 9 желтоқсан күні санаулы сағаттың өзінде су деңгейі 15-20 сантиметрге дейін түсіп кетті» дейді аталған кәсіпорында 30 жылдық тәжірибесі бар маман.
Айта кетейік, мәселені шұғыл шешу мақсатында кешеден бері Төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері мен техникалары және «Атырау облысы Су Арнасы» мен басқа да коммуналдық қызмет өкілдері жұмылдырылды. Су тазарту қондырғыларының басында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен шаһар басшысы Шәкір Кейкин және жауапты кәсіпорын басшысы Мейірім Қалауи жүр.
Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, 10 желтоқсан күні сағат 15.00 – дегі жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған үш су тазарту қондырғысының екеуі мұздан тазартылып, іске қосылды - қондырғыларға судың түсу жылдамдығы қалыпты жағдайда. Сүңгуірлер үшінші су тазарту қондырғысын тазарту жұмысын жалғастырып жатыр.
Бұрын хабарланғандай, Жайық өзенінде қабыршақ мұздың пайда болуына байланысты Атырау қаласы мен қала маңындағы ауылдық округтерді сумен қамтамасыз етуде мәселе туындаған болатын.
Бұл қаладағы су тазарту қондырғыларына Жайық өзенінен су алудың қиындауына байланысты. Сонымен қатар, соңғы бірнеше тәулікте шығыстан қатты жел соғып, Каспий теңізінің деңгейі айтарлықтай төмендеді, бұл жағдай Атырау қаласы мен қала маңындағы Жаңаталап, Еркінқала ауылдарының сағалық бекеттерінде де деңгейдің төмендеуіне әсерін тигізді.
«Қазгидромет» РМК облыстық филиалының мәліметі бойынша, соңғы аптада өзеннің төменгі ағысында теңіз деңгейі 40 см-ге төмендеген, бұл Жайық өзенінде де су деңгейінің төмендеуіне себеп болды.
Қабыршақ мұз бірнеше себепке байланысты су алуда қиындық тудыруы мүмкін...
Бірінші себеп - су жинайтын құрылғылардың бітелуі, өйткені ұсақ мұз кристалдары балық қорғау торларын және су жинайтын жабдықтың басқа элементтерін бітеп тастауы мүмкін, бұл оның тиімділігін төмендетеді және балық қорғау торларын жиі тазалау керек болады.
Екіншіден, жабдықтың бұзылуына ықпал етеді - өзен ағынымен қабыршақ мұздың қозғалуы, әсіресе мұз кристалдары үлкен болса немесе мұз тығыз жинақталған болса, су алатын жабдыққа механикалық зақым келтіреді.
Үшіншіден, бұл факторлар су сапасының төмендеуіне әсер етеді - мұзбен бірге әртүрлі ластаушы заттар жүруі мүмкін, бұл судың сапасын нашарлатады.
Төртіншіден, су ағынына кедергі келтіреді - кейбір жағдайларда қабыршақты мұз судың қалыпты ағынына кедергі келтіретін тығыз кластерлер түзуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде су жинайтын құрылғылардың тиімділігіне әсер етеді.
«Атырау облысы Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Мейірім Қалауидің айтуынша, 10 желтоқсан сағат 16.00-де Атырау қаласы мен Мақат ауданындағы тұтынушыларға су толық берілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. Сағат 19:00-де қысым қалпына келтірілді. Су тазарту қондырғыларын жөндеп, тазарту жұмыстары 9 желтоқсан күні кешке басталып, жағдай тұрақталғанға дейін үздіксіз жалғасты.
«Атырау облысы Су Арнасы» кәсіпорнының жұмысшылары мен арнайы кәсіпорынның сүңгуірлері күрделі ауа райы жағдайында үзіліссіз жұмыс істеп, барлық су тазарту қондырғысын мұздан толық тазартты.
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК-нің су тарту құрылғылары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Судың құрамы тазарған сайын жүйедегі қысым артады. Мамандардың айтуынша, бұл бірнеше сағатқа созылады.Құрметті тұрғындар, егер су беруде қандай да бір мәселе болса, 109 жедел желісі арқылы өтінім беруге болады.