RSS лента

Автогазға ұзын-сонар кезектің видеосы тарады

  • 09.10.2023, 12:08,
  • 470
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Атыраулық жүргізушілер автогаз алуға ұзын-сонар кезекке тұрды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.



Атырау облысы бойынша энергетика басқармасындағы мамандар автогаз тапшылығы бір-екі күн шешілетінін жеткізді. Белгілі болғандай, бәріне 1 қазан мен 2 қараша аралығына жоспарланған Атырау мұнай өңдеу зауытындағы күрделі жөндеу кінәлі екен. Сондықтан, аймақтың ішкі сұранысын өтеу үшін қазан айына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамынан 5263 тонна сұйытылған газ бөлініпті. Ол теміржол арқылы жеткізілетін болады.

 

Ал, жергілікті жүргізушілердің бірі Қанат Әділет автогаз бекетінде кешкі 23.00-ден бастап түнгі 3.00-ге дейін тұрғанын айтады.

 

«Мен көп жылдан бері сұйытылған газды тұтынып келемін. Себебі, ол жанармайға қарағанда анағұрлым арзан. Соңғы кезде жанармай бағасы да күрт қымбаттап кетті ғой. Көлігіме газ құямын деп кезекте жарты тәулік тұрдым. Менің алыдмда жүз көлік болды. Бұл дұрыс па? Енді автогаз мүлде таусылып қалмаса екен деп аалңдап отырмын» дейді ол.

 

Айта кетейік, өз кезегінде АМӨЗ басшылығы 36 мың тонна жанармай, 32 мың тонна дизель отыны, 7,4 мың тонна авиаотын қоры барын мәлім етті.

 

Сондай-ақ, Stan.kz тілшісі Атырау қаласында жанар-жағармай құю стансалары кеңінен таралған «Prom Gaz» ЖШС-нің басшылығының да пікірін сұрады. Өйткені, дәл осы кәсіпорын айына 4 мың тонна көлемінде сұйытылған автомобиль газын сатады екен. Ал, газбен жабдықтаушы Атырау мұнай өңдеу зауыты қажеттіліктің тең жартысын ғана өтейтін көрінеді.

 

Серіктестік директорының орынбасары Асқар Мұстафиннің айтуынша, қыркүйек айына қажетті «көгілдір отынның» көлемі 1 800 тоннаны құраса, бұдан  зауыттың беріп отырғаны 1 100 тонна шамасында. Қалған 700 тоннасын күн сайын 40 тоннадан бөліп беретін көрінеді. Ал, тәуліктік қажеттілік 100-120 тонна. Соның өзінен-ақ, сұйытылған автогаздың жетпестігін аңғару қиын емес.

 

–  Бұлай жалғаса берсе, істің насырға шауып, мәселенің ушығып кетуі ықтимал.  Сол жағын ескертіп, салалық министрлік пен облыс әкімдігіне арнайы хат жолдадық. Қандай жағдайда да біз қолымыздағы бар отынды ақшамен жібере алмаймыз, талонмен ғана өткіземіз, – дейді қызмет көрсетуші компанияның өкілі.

 

Сарапшы мамандардың түсіндіруінше, Атырау мұнай өңдеу зауытынан айына шығарылатын сұйытылған газдың көлемі 5 мың тоннадан сәл ғана асады. Ал, облыс бойынша ішкі нарықты немесе сұранысты қанағаттандыру үшін айына кем дегенде 10-12 мың тонна газ қажет. Мұндай лимитті (шекті тұтыну көлемі) еліміздің Энергетика министрлігі белгілеген. Себебі, өндірілген газдың қалған бөлігі өзге өңірлерге жөнелтіледі. Сондықтан көлік иелері мен жүргізушілері өздеріне керекті газды «Теңізшевройл» ЖШС-нің жанар-жағармай құю бекеттерінен еркін бағаға сатып алуға мәжбүр. «Prom Gaz» ЖШС өкілінің сөзінше, кәсіпорын өткен екі ай қатарынан газды ТШО-дан сатып алыпты. Алайда, «қазаншының өз еркі» дегендей, нарықтың өз талабы, тәртібі мен  ережесі болатыны белгілі.

 

– Айтпағымыз, алдыңғы айларда тендерге қатысып, жеңіп шықтық. Сөйтіп, қажеттілігімізді жабуға мүмкіндік алдық. Өкінішке қарай, осы айда жолымыз болмады. Соның салдарынан осыған дейін бізге беріліп келген газдың көлемі күрт кеміп кетті. Оның үстіне әрбір жанар-жағар май құю стансасы қызмет көрсететін заңды және жеке тұлғалармен келісім-шартқа отырады. Егер онда көрсетілген талаптар толығымен орындалмай қалған жағдайда келісім бұзылады. Бұл жұмысқа кері әсерін тигізетіні даусыз, – дейді серіктестік өкілі.

 

Ресми дереккөздерінен алынған ақпараттарға қарағанда, Атырау мұнай өңдеу зауыты күні бүгінге өздеріне тиесілі бес мың тоннадан астам «көгілдір отынның» 60 пайызын жеткізген. Қалған 40 пайызын айдың соңына дейін жіберуге міндеттеніпті. Десек те, алда айдың әлі тең жартысы барын ескерсек,  атыраулықтардың автогазға тапшылықтан арылуына біраз мезгіл  бары анық.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости