Зерттеушілер технологияға тәуелділіктің салдарынан адамдар 800 жылдан аз уақыт ішінде қалай өзгеретінін көрсететін "Минди" атты гротеск моделін жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі DailyMail сайтына сілтеме жасап.
Минди моделі бойынша, 3000 жылдан бастап адамдар белі бүкір, мойны жуан, жезтырнақты кейіпте болады. Бұл модельді технологияның біздің денемізге қалай әсер ететінін визуализациялау тәсілі ретінде Toll Free Forwarding компаниясы жасаған. Компания басшысы визуализация қоғамға ой салады деген ниетте болды.
"3D дизайнерімен жұмыс істемес бұрын, смартфон, ноутбук және басқа технологияларды үнемі қолданудың арқасында денесі өзгерген болашақ адамды құру үшін ғылыми зерттеулер мен сарапшылардың пікірлерін алдық" деп түсіндірді компания өкілі.
Модель бойынша, смартфон немесе компьютерге ұзақ телміру бүкірейген қалыпқа әкеледі. Сонымен қатар, смартфонды үнемі ұстағандықтан, қолдарымыз жезтырнақ тәрізді болады.
"Телефонды әрдайым ұстау жүру белгілі бір байланыс нүктелерінде қысым тудыруы мүмкін, бұл “кубитальды туннель синдромын” тудырып, “мәтінді тырнақтар” пайда болады”, – деп түсіндірді Med Alert Help дәрігері Никола Джорджевич.
Дәрігердің айтуынша, телефон пайдаланған кезде, адамның қолы 90 градусқа бүгіліп, тік бұрыш жасайды. Сол себепті болашақ ұрпақ "смартфон шынтағы" синдромын сезінуі мүмкін.
"Шынтақты ұзақ уақыт бойы бүгу шынтақ артындағы нервтің созылуына әкеліп, оған қысым жасайды", — деп қосты Джорджевич.
New York-Presbyterian Spch Spine Hospital дәрігері Даниэль Рью Модельдің айтуынша, телефонға ұзақ телміргеннің кесірінен мойын да жуандайды.
“Компьютер алдында жұмыс істегенде немесе телефонға қараған кезде мойынның артқы бұлшықеттері басты ұстап тұру үшін жиырылуы керек. Неғұрлым төмен қарасаңыз, басты тік ұстау үшін бұлшықеттер соғұрлым көп жұмыс істейді. Бұлшықеттер күннің көп бөлігін компьютерде өткізгенде қатты шаршап, ауыруы мүмкін", – деді ол.
Сонымен қатар, бас сүйек қалыңдап, ми кішірейеді, сондай-ақ жарықтың шамадан тыс әсерін болдырмау үшін қабақ үстінен тағы қабақ пайда болады.
"Шамадан тыс жарықтың әсерін болдырмау үшін үлкен ішкі қабақ пайда болады. Көздің линзасы эволюциялық жолмен дамып, көк түсті жарықты қабылдамауы мүмкін, бірақ жасыл, сары немесе қызыл сияқты жоғары жарық толқындарын жоя алмайды" деді Толедо университетінің маманы Касун Ратнаяке.
Сондай-ақ, 2019 жылы күні бойы компьютер алдында жұмыс істейтін адамның 20 жылдан кейінгі кейпін көрсететін Эмма атты модель жасалынды. Эмманы 3000-нан астам қызметкер құрып, компьютер алдында отыратын адамның ауруларын көрсеткен.
Эмма экранға ұзақ телміргендіктен, көздері құрғақ әрі қызарған, жасанды жарықтың кесірінен терісі сарғыш, белі бүкірейген.