RSS лента

Атырауда жаңа зауыт салынып жатыр... (+видео)

  • 31.03.2021, 21:54,
  • 627
  • 0
  • Автор:
Автор фото: скриншот

Атырауда су жүйесін есептегіш құралдар шығаратын зауыттың іргетесы қаланды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.


Су жүйесін есептегіш құралдар көп кешікпей өзіміздің Атыраудан да жасалып шықпақ. Өйткені, өндірісті өңірде осы аптада ғана жаңа зауыттың құрылысы басталды. Аймақта баламасы жоқ болашақ бірегей нысанның алғашқы кірпішін облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өз қолымен қалады.  

 

Иә, бұл – жергілікті жұрттан сүйінші сұрайтын жағымды жаңалық десе де болады. Өйтпегенде ше? Бұл күні «мұнайлы мекенде мұнай-газдан басқа өндіріс орындары ашылмайды» дегендердің аузына құм құйылғаны айдан анық.

 

Сонымен, әзірге аймақтағы алғашқы зауыттың іргетасы Махамбет ауданының Сарытоғай ауылында қаланып отыр. Мамандардың сөзіне сенсек, кәсіпорын қазіргі заман талабына сай қажетті шетелдік құрылғылармен жан-жақты жабдықталатын болады. Мұнда 18 мың данадан астам өлшеу құралдарын шығаруға мүмкіндік тумақ.

 

Салтанатты рәсімде сөз алған Махамбет Жолдасқалиұлы қазіргідей күрделі кезеңде ашылатын әр өндіріс ошағы мен жаңа жұмыс орны өте маңызды екенін айрықша атап өтті.

 

– Бұл – Махамбет ауданында бой түзейтін алғашқы өндірістік кәсіпорын. Оның атыраулықтар үшін мәні зор. Ендеше, сәттілік серік болсын деп тілеймін! Жалпы, осындай жасампаз жобалардың бәріміз үшін де берері мол. Сондықтан, батыл бастамалар міндетті түрде жарасымды жалғасын табатын болады, - деп сендірген аймақ басшысы құрылыс жобасымен жіті танысып шықты.

 

Жұмыс орны демекші, өндіріс ошағында сексен адам жұмыспен қамтылады деген жоспар бар. Ал, соның алпыстан астамын жергілікті азаматтар құрамақ. Солардың бірі – Сарытоғай ауылының тұрғыны Азамат Сұлташев.

 

– Бұған дейін Теңіз кенішінде еңбек еттім. Содан, ауылымызда отандық өнім шығаратын зауыт құрылысы басталатынын естіп, дереу осында ауыстым. Мұнда менімен бірге біраз ауылдасым жұмыс жасайды. Өзім арнайы оқытудан өттім. Бұл – мен үшін мол мәртебе, - дейді ол.

 

Ал, «Guryev» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жеңіс Бекбасаровтың айтуына қарағанда, аталған кәсіпорын тек Атырауда ғана емес, еліміз бойынша ең алғашқысы. Демек, су жүйесіне арналған жүз пайыз отандық есептегіш құралдар шығаратын зауыт өзге өңірлерде жоқ деген сөз.

 

Бір қуантарлығы, өндіріске керек шикізат сырттан емес, ел ішінен әкелінбек. Әрі, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз болып табылады. Жүйелі жоспарға сәйкес, жаңа нысан алғашқыда облыс қажеттілігін өтейтін болады. Кейін, өзге өңірлердің де сұранысын қанағаттандырады.

 

– Ерекше екшеп айтқым келетіні, суды өлшейтін құралдар қазір шетелден жеткізіліп жүр. Болмаса, бөлшектері әкелініп, құрастырыла қояды. Ендеше, оларды отандық тауарға алмастыратын мезгіл әлдеқашан жетті. Олай болса, тұтас республика үшін бұл зауыттың маңызы өте жоғары.   

 

Айтпақшы, бастапқыда мұнда механикалық есептегіш құралдар шығарылатын болады. Бірақ, көп кешікпей олардың электронды түрлері де өндіріледі. Сол кезде  ай сайын қанша су жұмсалғанын есептеп жатудың қажеттілігі болмай қалады. Заманауи құрылғы бәрін өзі үйлестіріп қояды. Бүгінде елімізде ақпарат тасымалдау жүйесін сандық форматқа ауыстыру жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Бұған да біздің жоба үлкен үлесін тигізбек, - дейді Жеңіс Бекбасаров.

 

Осыдан соң зауыт басшылығы отандық өнімді тұтынуға ниет білдірген екі мекемемен меморандумға қол қойды. Айта кетейік, аталмыш кәсіпорын құрылысы осы жылдың қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда.


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости